Jusan Bank «Қазақтелеком» акцияларын 42,8 млрд теңгеге сатқан

Jusan Bank Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компаниясы «Қазақтелеком» АҚ-тағы 9% үлесін жеке меншік Telecom Systems LTD компаниясына сатып, 42,8 млрд теңге табыс тапты. Бұл мәміле 2024 жылдың желтоқсанында жасалып, төлем 2025 жылдың 24 наурызына дейін бөліп төлеу тәртібімен жүзеге асырылған. Бұл жайында банктің қаржы есебінде жазылған.
Әр акция 43 498 теңгеге бағаланды
Сатылған пакет — 983 350 қарапайым акция. Әрқайсысы 43 498 теңгеден сатылған. Мәміле шарттары бойынша төлем кешіктірілмей жасалған. Бұл сома Jusan Bank-ке бірден пайда әкелгенімен, банк 1,5 млрд теңге шығынға да ұшырады. Себебі бұл активтердің баланстық құны жоғары болған.
Jusan бұл акцияларды 2023 жылдың қыркүйегінде 32 млрд теңгеге сатып алған болатын. Бірақ кейінірек нарықтық бағамен сатқанда, арадағы айырма «басқа шығындар» ретінде есепке алынды.
«Қазақтелеком» акцияларын сатып алған компания – Telecom Systems LTD. Бұл компания 2024 жылдың маусым айында тіркелген және сымды телекоммуникация қызметтерімен айналысады.
Telecom Systems LTD-нің негізгі иесі – Нұрлан Артықбаев. Ол Qazaq Stroy құрылыс компаниясының негізін қалаушылардың бірі ретінде белгілі. Артықбаев Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарында және 2025 жылы 44-орында тұр.
Jusan Bank телеком нарығынан толықтай кетіп жатыр
«Қазақтелеком» үлесін сату — Jusan Bank-тің телекоммуникация саласынан толық шығуын білдіреді. Бұған дейін банк өз тарапынан Kcell және Tele2/Altel операторларымен серіктестікті тоқтатып, OGO және Jusan Mobile жобаларын жауып тастаған.
2025 жылдың сәуір айында белгілі кәсіпкер Ғалымжан Есенов Jusan Bank-тің толық иесі атанды. Ол банк акцияларының қосымша 0,25%-ын (413 296 акция) сатып алып, банкті толық өзі иеленді.