«ҚазТрансОйл» акционерлеріне 33 млрд теңге дивиденд төлемек

2025 жылы Қазақстанның ірі мұнай тасымалдаушы компаниясы «ҚазТрансОйл» АҚ өз акционерлеріне 33 млрд теңге дивиденд төлеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның жылдық жалпы жиналысының материалдарында жазылған.
Компания 2024 жылғы таза табысының бір бөлігін акционерлерге дивиденд ретінде бөлмек. Құжатқа сәйкес, әр қарапайым акцияға 86 теңге төленеді. 2024 жылы компания 41 млрд теңге пайда тапқан.
Төленетін жалпы сома – 33 078 329 302 теңге. Дивиденд 2025 жылғы 25 шілдеден кешіктірілмей төленбек.
Бұл шешім акционерлердің 22 мамыр 2025 жылы өтетін жалпы жиналысында (сырттай дауыс беру форматында) бекітілуі тиіс.
«ҚазТрансОйл» – Қазақстандағы жетекші мұнай тасымалдаушы оператор. Компания магистралдық мұнай құбырлары арқылы шикі мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдайды және стратегиялық маңызды инфрақұрылымға ие.
Бұл компания «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ құрылымына кіреді. ҚМГ компанияның 90 пайыз акциясын иеленеді. Ал қалған 10%-ы миноритарлық акционерлерге тиесілі. Бұл акциялар 2012 жылдың аяғында «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында биржаға шығарылған. Сол кезде оның әр акциясы 725 теңге деп бағаланған.