Банк пен қаржы

Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақы жинағы неге азайғанын түсіндірді

зейнетақы жинағы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың басынан бері көп қазақстандық өз зейнетақы шоттарындағы сома азайып кеткенін байқап, алаңдай бастады. Кейбіреулер тіпті ақшамыз жоғалып кетті ме деп үрейленді. Алайда Ұлттық банк өкілдері Zakon.kz басылымына берген сұхбатында алаңдауға негіз жоқ деп отыр.

Шоттағы ақша неге азайды?

Биылғы қаңтар–сәуір айларында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық табысы -1,05% болды.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, бұл – уақытша жағдай.

«Бұл нақты жоғалған ақша емес, тек нарықтағы құнның өзгеруіне байланысты қағаз жүзіндегі шығын. Мұндай жағдайлар инвестицияда болып тұрады», – дейді ол.

Оған не себеп?

Бірінші себеп – Қазақстанның мемлекеттік облигацияларының табыстылығы өсті. Бұл кезде облигацияның бағасы керісінше төмендейді. Ал БЖЗҚ активтерінің бір бөлігі осы облигацияларға салынған.

Екінші себеп – теңгенің нығаюы. Жыл басынан бері теңгенің долларға шаққандағы бағамы 525-тен 512-ге дейін күшейді. Ал БЖЗҚ активтерінің 40%-ы шетел валютасында. Валюта арзандағанда, теңгемен есептегенде, қордың табысы төмендеп кетеді.

Бұл ретте Әлия Молдабекова ешқандай дағдарыс жоқ екенін айтады. Себебі зейнетақы қорындағы активтер ұзақ мерзімге арналған. Жыл немесе бірнеше ай ішіндегі өзгерістер – қалыпты құбылыс.

Мәселен, 2024 жылдың мамырынан 2025 жылдың сәуіріне дейін (яғни соңғы 12 айда) қордың табыстылығы 13,35% болған. Бұл кезеңде инфляция 10,7% құраған. Демек, зейнетақы қаражаты реалды өсім көрсетіп отыр.

Бүгінде қорда қанша ақша бар?

Қазіргі таңда БЖЗҚ-да 22,6 трлн теңге зейнетақы жинағы бар. Бұл – азаматтардың міндетті, ерікті және кәсіптік зейнетақы жарналары. Бұл ақша бос жатпайды – түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.

БЖЗҚ активтерін Ұлттық банк пен жеке басқарушы компаниялар басқарады. Ұлттық банк басқаруындағы активтер көлемі 22,3 трлн теңгені құрайды. Осы активтердің жыл басынан бергі инвестициялық шығыны -446,48 млрд теңгені құрады.

Ақша қайда салынып жатыр?

Ақша шетелдік және отандық бағалы қағаздарға, облигацияларға, акцияларға және депозиттерге салынады.

Қазіргі кезде Ұлтты банк зейнетақы активтерінің бір бөлігі «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» секілді ұлттық компаниялардың облигацияларына салды. Кейбір азаматтар мұны «экономиканы құтқару үшін» деп түсініп алаңдайды.

Алайда Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, мұндай инвестициялар тек нарықтық шартпен, яғни пайызбен және қайтарылатын түрде жасалады. Бұл – зейнетақы жинағы үшін де, мемлекет үшін де тиімді шешім.