
АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденге қуықасты безінің сүйекке метастаза берген қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Бұл туралы кеңсесі ресми мәлімдеме жасады. 82 жастағы саясаткер өткен аптада зәр шығару кезінде қиындықтарға байланысты дәрігерге жүгінген.
«Өткен аптада Джо Байден қуықасты безіндегі түйін анықталғаннан кейін тексерістен өтті. Жұма күні қатерлі ісік диагнозы қойылды. Бұл — Глисон шкаласы бойынша 9 баллдық (5-топ) агрессивті форма, сүйекке метастаза берген», — делінген ресми хабарламада.
Қазір Байден мен оның отбасы емделу жолдарын дәрігерлерімен бірге қарастырып отыр.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын денсаулығына және жасына байланысты алаңдаушылық туындаған соң, Джо Байден 2024 жылғы президент сайлауына қатысудан бас тартқан болатын. Байден АҚШ тарихындағы ең егде жастағы президент ретінде есте қалды.
Сондай-ақ, бұған дейін Джо Байден Дональд Трамптың жасап жатқан жұмысынан шошығанын айтқан еді. Ал Трамп болса Байденді АҚШ тарихындағы «ең нашар президент» деп атады.