
Алматы маңындағы Қаскелең қаласында әлемге әйгілі New York Film Academy (NYFA) халықаралық академиясының филиалы ашылып, оқуға құжат қабылдауды бастады.
Қазақстандағы NYFA академиясының жергілікті партнері, Energo университетінің ректоры Ғани Нығыметов оқу орнының артықшылықтары мен қабылдау талаптары туралы айтып берді.
Әлем бойынша бесінші кампус
NYFA-ның басты кампусы Нью-Йорк қаласында орналасқан. Кейіннен Лос-Анджелес, Майами және Италияның Флоренция қаласында ашылған. Енді бұл тізімді Қазақстан толықтырып отыр. Қаскелеңдегі Energo University креатив индустриялар паркі аумағында жаңа кампус ресми түрде оқуға қабылдауды бастады.
Бес бағыт бойынша оқыту
Биыл академия ең танымал — бір жылдық бағдарламаны іске қосады. Бағдарлама аясында келесі мамандықтарда оқуға болады:
- Кино режиссурасы (Filmmaking)
- Продюсерлік (Producing)
- Сценарий жазу (Screenwriting)
- Анимация және визуалды эффектілер (3D animation & VFX)
- Ойын дизайны (Game Design)
Оқу толығымен оффлайн форматта, таңертеңнен кешке дейін толық жүктемемен өтеді. Бағдарламаның 90 пайызы практикаға, ал 10 пайызы теорияға негізделген.
Оқу бағасы
NYFA академиясының АҚШ-та оқу құны жылына 40 000-60 000 долларды құрайды. Ал Қазақстандағы филиалда оқу бағасы едәуір арзан болмақ, Қазақстандық студенттер үшін бұл сома тек 18 000 доллар болса, шетелдік студенттерге 25 000 доллар.
«Қазақстандағы филиалдағы бағдарлама мазмұны АҚШ-тағы оқу стандартына сәйкес келеді. Сабақтарды Нью-Йорктен арнайы келетін кәсіби оқытушылар жүргізеді. Студенттер NYFA дипломын алып, әрі қарай Нью-Йорк немесе Лос-Анджелесте оқуын жалғастыра алады», – деді Ғани Нығыметов.
Қабылдау талаптары
Құжат қабылдау онлайн режимде жүргізіледі. Кандидаттарға үш талап қойылады:
- IELTS 5.5 немесе баламалы көрсеткіш
- Аттестат және транскрипт
- Креативтік портфолио (ең басты критерий)
Портфолио міндетті түрде кәсіби деңгейде болу шарт емес — шығармашылық ой мен идея бағаланады. Жұмыстар авторлық немесе бірлескен болуы мүмкін.
Қабылдау жарнасы — 75 доллар. Құжаттарды АҚШ-тағы қабылдау комиссиясы қарайды. GPA деңгейі мен шығармашылық жұмыстар басты назарда. Бұл академияға мектеп бітіруші де, жасы үлкен үміткер де түсе алады. Жас шектеуі жоқ.