
«Тәжен» өткізу пункті арқылы жолаушылар мен көлік құралдарының өтуі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Қазіргі таңда өткізу бекетінде ауқымды құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, металл құрылымдар орнатылып, инженерлік желілер тартылып, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіліп отыр.
Бұл шешім азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құрылыс жұмыстарын жылдамдату мақсатында қабылданды, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мамырдан тамызға дейін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Тажен» (Қазақстан) мен «Даут Ата» (Өзбекстан) бекеттері арасындағы бейтарап аумақта автомобиль жолын салатын болады. Осындай жұмыстар Өзбекстан жағында да жоспарланған.
Осыған байланысты Қазақстан тарапы Өзбекстан Республикасына шекара арқылы өтуге салынған шектеуді тағы 4 айға – 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзарту туралы ұсыныс жасаған. Өзбекстан бұл бастаманы қолдады.
Құрметті азаматтар! Сапар мен маршрутты жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеруді сұраймыз, — делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап «Тәжен» (Қазақстан) – «Даут Ата» (Өзбекстан) өткізу бекеттері арқылы жеңіл көлік, автобус және салмағы 3,5 тоннаға дейінгі жүк көліктерінің өтуі уақытша тоқтатылған болатын.