
Алматы облысы, Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Л.Қаткеева өзінің қоластында істеген 7 бухгалтерімен бірге сотталды. Олар 686 млн теңгені жымқырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматы облысында Іле аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшысы Л.Каткееваға және осы бөлімнің 7 бухгалтеріне қатысты үкім шығарды», – делінген баспасөз хаюардамасында.
Ақша қандай схемамен жымқырылған?
Білім бөлімінің басшысына қызмет еткен 7 есепші бюджеттен білім беру саласына бөлінген қаражатты нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақы ретінде аударып отырған. Осындай жолмен 686 млн теңге қаражатты жымқырып үлгерген.
Бұдан бөлек Қаткеева өзінің лауазымын пайдаланып, жүргізушісін мектеп-гимназияға заңсыз негізде кәсіптік бағдар беруші маман ретінде жұмысқа орналастырған. Нәтижесінде мемлекет есебінен 4,9 млн теңге жалақы заңсыз төленген.
Жаза
Алматы облысы Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Қаткееваға сот үкімімен мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ал оның қоластында істеген бухгалтерлер 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте істей алмайды. Оларға 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сот үкімі заңды күшіне енбеген.
Бухгалтерлерге қатысты ең шулы оқиға
Бухгалтерлерге қатысты ең шулы оқиға Жетісу облысында тіркелді. Мемлекеттің 4,5 млрд теңге қаражатын жымқырған 21 бухгалтерге қатысты сот үкімі 2024 жылдың жаз айында шықты. Бұл істе Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас бухгалтерінің есімі аталды. Сонымен бірге басқармаға қарасты 7 бухгалтер, орта мектепте істейтін 14 бухгалтер ақша жымқыру фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылдан 15 жылға дейін сотталды. Олар да бюджет қаражатын жоғарыда көрсетілген – жалған жалақы тағаындау тәсілімен жымқырып келген.