2025 жылы коронавируспен қанша адам ауырды

2025 жылдың басынан бері елде COVID-19 инфекциясын 329 жағдай тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Комитеттің мәліметінше, мекеме елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға апта сайын мониторинг жүргізеді.
«2025 жылдың басынан бері жалпы 329 расталған жағдай тіркелді, қайтыс болу жағдайлары тіркелген жоқ. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 3,7 есеге азайған. Республика бойынша аптасына 25 жағдайға дейін тіркелуде», – делінген комитет хабарламасында.
Қазақстанда негізінен науқастардан аталмыш инфекцияның Омикрон нұсқасының штамдары анықталады. Әлемде айналымда жүрген негізгі штамм да осы.
Эпидемиологтардың мәліметінше, Омикрон нұсқасының 30-дан астам мутацияланған штаммы бар. Бір ерекшелігі, бұл инфекция жеңіл өтеді. Сондықтан стационарлық емдеу көп жағдайда қажет болмайды.
COVID-19 инфекциясының негізгі белгілелір қандай?
Аурудың негізгі симптомдары мынадай:
- жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы;
- мұрынның бітелуі;
- тамақтың ауыруы;
- жөтел;
Коронавирустан сақтану жолдары
Эпидемиологтар басқа елдерде сырқаттану жағдайларының артқанына байланысты мынадай сақтық шараларын ұсынған:
- жіті респираторлық инфекциямен ауыратын адамдармен тығыз қарым-қатынас жасамау;
- қолды жиі жуу, әсіресе, науқас немесе олардың айналасындағы адамдармен тікелей байланыстан кейін жақсылап жуған абзал;
- үй-жайларды тұрақты түрде желдету;
- ауру симптомдары байқалған жағдайда медициналық көмекке жүгіну.
Айта кетейік, бірқатар елдерде коронавирус қайта күш алды. Атап айтқанда, Қытай мен Гонконгта, Сингапурда, Таиланда коронавирусқа шалдыққан адамдар саны артқан. Сингапурдың Денсаулық министрлігі елде бұл аурумен ауруханға түсу жағдайларының да жиілеп кеткенін мәлімдеген.