Жаңалықтар

ҰҚК Ресей мен Қырғызстан көмегімен екі халықаралық есірткі арнасын жойды

Есірткімен күрес: ҰҚК екі есірткі арнасын жойды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық қауіпсіздік комитеті екі халықаралық есірткі арнасы жойылғанын хабарлады. Бұл жұмыстарды атқаруға комитетке Ресей мен Қырғызстандағы әріптестері көмектескен.

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресей және Қырғызстанның құзырлы органдарымен бірлесе халықаралық есірткі арналарын жою бойынша екі арнайы операция жүргізді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Операция барысында аталмыш елдердің ауымағынан есірткіні көтерме саудамен өткізген қылмыстық топтың 4 мүшесі ұсталған. Олардан 20 кг синтетикалық есірткі тәркіленген.

Осыған дейін қандай қылмыстық топтар ұсталды?

Елде ҰҚК мен Ішкі істер министрлігі бірге есірткімен күрес жүргізеді. Мәселен осы жылдың қаңтар айында полиция 800 келі есірткілік заттарды тәркілеген болатын. Бір ай ішінде  9 ұйымдасқан қылмыстық топ, 3 есірткі притоны, 17 есірткі зертханасы жойылғаны хабарланды.

Сонымен бірге, жыл басында Жетісу облыстық полициясы есірткі қылмысына қатысы бар Францияның екі азаматын ұстады. Олардың трансұлттық қылмыстық топқа қатысы бар екенін анықталды. Олар Қазақстанда психотроптық мефедрон есірткісін өндіретін зертхана ашқан. Полиция олар ашқан зертхана орнын анықтап, тінтіу кезінде 6 кг мефедрон мен есірткі әзірлеуге қажетті құрал-саймандарды анықтаған.