Жаңалықтар

«KazSat-3» жер серігін алмастыруға 87,2 млрд теңге жұмсалады – Скляр

«KazSat-3» жер серігін ауыстыруға 87,2 млрд теңге жұмсалады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«KazSat-3» жер серігін алмастыруға 87,2 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы депутаттардың сауалына берген жауабында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр айтқан.

Ғарышта жүрген екі жер серігі де ескірген

Депутаттар «KazSat-2» қызмет ету мерзімі 2026 жылы, «KazSat-3» жер серігінің қызметі 2029 жылы аяқталатынын айтып, оларды алмастыру мәселесін көтерген. Роман Скляр «KazSat-3» жер серігінің орнына жаңадан «KazSat-3R» жер серігі құрылатынын айтқан.

«Уәкілетті орган «KazSat-3» жерсерігін алмастыру үшін ғарыштық байланыс жүйесін құру және пайдалануға беру» бойынша жобалау алдындағы жұмыстарды жүргізуде», – делінген жауапта.

«KazSat-3R» жаңа жерсерігі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ғарыштық байланыс жүйесінің қолданыстағы инфрақұрылымын сақтауға және жаңғыртуға, ұлттық ақпараттық кеңістікті қорғауға мүмкіндік бермек.

Қаражат тапшылығы

Алайда жер серікті әзірлеу кезінде жоғары жылдамдықтағы интернет (HTS) технологиясы қолданылмайды. Себебі мұндай технологиямен жер серігін әзірлеу өте қымбатқа шығып кетейін деп отыр. Скляр үкіметтің мұндай қаражатты еңсере алмайтынынын жеткізген.

«Алғашқы кезеңдерде аралас пайдалы жүктемемен (Ku-жиілік диапазонындағы
кең аймақтық сәуле және Ka-жиілік диапазонындағы HTS технологиясы бойынша жоғары өткізу қабілеттілік жүйесі), соның ішінде жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ететін ғарыштық байланыс жүйесін құру мәселелері
пысықталды. Алайда, мұндай жобаның құны еуропалық компаниялардың техникалық
шешімдерінде шамамен 153 млрд теңгені құрайды, бұл ағымдағы жағдайдағы
республикалық бюджет үшін елеулі жүктеме», – деп түсіндіреді Скляр.

Ал елде интернет жылдамдығы геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелері арқылы, яғни «StarLink» және «OneWeb» сынды шетелдік операторлардың көмегімен қамтамасыз етілмек.

Қаражат қайдан алынады?

Скляр «KazSat-3R» жобасы бойынша жобаның инвестициялық ұсынысына экономикалық сараптаманың оң қорытындысы шыққанын жеткізді. Қазіргі таңда қаржылық-экономикалық негіздеме әзірлене бастаған. Жалпы жобалау бойынша жер серігін әзірлеуге 87,2 млрд теңге жұмсалады. Қаражат көзі мынадай жерлерден тартылады:

  • 46,9 млрд теңгесі «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ның өз қаражаты есебінен;
  • 40,3 млрд теңгесі республикалық бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.