Жаңалықтар

Қазақстанда Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылады

Суперкомпьютер министрліктің деректер орталығында орнатылады / Фото: REUTERS/Ann Wang

Қазақстанда Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Оның өнімділігі шамамен 2 экзафлопсты құрайды. Бұл – Орталық Азия тарихындағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер. Ол жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арнайы жасалған NVIDIA H200 жаңа графикалық чиптерінің негізінде жинақталған», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл компьютер ЦДИАӨМ-тің жаңа деректер орталығында орнатылады. Суперкомпьютер елдің цифрлық экожүйесін дамытады. Сондай-ақ қуатты компьютер денсаулық сақтау, энергетика, білім беру және мемлекеттік қызметтер сияқты барлық саланың цифрландыру шараларына оң әсер етеді.

Министрлік суперкомпьютер ресурстарын баршаға қолжетімді етпек. Оған нейрондық желілерді оқыту үшін есептеу қуаты қажет стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін университеттер, сондай-ақ жасанды интеллектіні бизнес-процестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады.

«Бұл — елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызы бар қадам. Ол Қазақстанның цифрлық егемендігін және ЖИ технологияларын дамыту мен жаһандық IT ойыншыларын тарту бағытындағы өңірлік көшбасшылығын нығайтады», — дейді министр Жаслан Мәдиев.

Еске сала кетсек, Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен бірігіп суперкомпьютер кластерін құрады. Сонымен бірге Астанада дата-орталық салынады.