Алматыда атыс болды: бір адам жарақат алған

Алматы қаласында таныстар арасындағы дау-дамайдың арты атысқа ұласты. Полиция оқ атқан күдіктіні ұстағанын хабарлады.
Алматы қаласы полиция департаментінің ақпаратына қарағанда, оқиға көңіл-көтеру мекемелерінің бірінде болған. Таныс екі адам бір-бірімен сөзге келіп қалған. Соның кесірінен бірі екіншісіне қару қолданған. Оқ аяғына тиген.
Оқиғаның мән-жайы қазір анықталу үстінде.
«Травматикалық қару қолданылған бұл дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Жетісу облысының тумасы, 35 жастағы күдікті ұсталды. Уақытша оқшаулау мекемесіне жіберілді. Қару тәркіленді», – делінген полиция хабарламасында.
Мұның алдында Алматы облысы Талғар ауданында атыс болған еді. Төрт күдікті аурухана түсіп, күзет қойылған еді. Бір адам уақытша оқшаулау орнына қамалды.