
Димаш Құдайбергеннің әзілдері мен өмірге деген көзқарасы, жалпы пәлсапасы, әлемдегі көп адамды таңырқатып жүргені құпия емес.
Соңғы кездері жұрт Димаш Құдайбергеннің музыкалық дарынын былай қойғанда, жеке қасиеттеріне көп мән бере бастады. Көзқарастары, әзілдері мен жеке өміріне деген ұстанымдарына да ерекше назар аударып отыр.
Димаш Құдайбергеннің әзілдері
Тіпті, қазақтың мінез-құлқы туралы қағытпалары ел ішінде кеңінен таралып жатыр. Соның ең танымалдарына тоқталып өтейік.
«Қазақтар ешқайда асықпайды, бірақ ешқашан кешікпейді. Қазақтар кездесу күніне сәл-пәл өзгеріс енгізеді».
«Көп адамдар «менен ішімдік ішесің бе?» деп сұрайды. Мен «ішпеймін» деймін. Сонда олар: «Онда қалай бой жазасың?» деп сұрайды. «Біз, қазақтар, бой жазбау үшін мүлде ширықпаймыз», – деймін»
«Мен жылағым келсе, жылайтын едім». «Сіз жылай алмайсыз ба?» «Қазақтың ер адамдары жыламайды».
Димаш: «Әлемдегі барлық президенттерден де танымал болса да, Джеки Чан қарапайым адам…» Ресейлік актер Иван Ургант Путинді меңзеп: «Біреуінен өзгелерінен…» Димаш жұлып алғандай: «Иә, Назарбаевтан…«
«Бір сағаттың ішінде бәрі де өзгеруі мүмкін»
Димаш Құдайбергеннің әзілдері мен қағытпаларынан бөлек, өмірге деген көзқарасы да цитатаға айналып келеді.
«Жаратушы бізге сынақ береді. Кейбір адамдарға армандағанының бәрін – отбасы берекесін, жақсы тұрмыс, мәртебе береді. Ал кейбіреулерге ештеңе бермейді. Жеке өмірінде де ауыртпашылық болады. Жағдайы да мәз емес. Беделі де шамалы. Сонда бұл адам қолында бәрі бар адамға қарайды. Төрт құбыласы түгел адам Аллаға ризашылық білдіре ме? Ештеңе алмаған адам асылық айта ма? Меніңше, бұл туралы біз әрқашан есте ұстауымыз қажет бір жайт бар. Бір сағаттың ішінде бәрі де өзгеруі мүмкін», – дейді Димаш.
Әрине, Димаштың бұл ойларынан қазақтың ұлттық дүние-танымымен қабысып жатқанын байқауға болады. Сондықтан Димаш қазақтың ән өнерін ғана емес, халық болмысын да әлемге паш етіп келеді.
«Ертең дауыссыз оянуың да мүмкін. Сен өмір бойы дертіңнің себебін іздеуің мүмкін. Мұхамед Али өмірінің соңында: «Менің чемпион емес екенімді ұқтырған Құдайға ризамын. Нағыз чемпион – Жаратушы екен. Ол мені чемпион еткен екен. Мен бәрін жеңдім. Бірақ ол жіберген ауруды жеңе алмадым» деген екен, – дейді танымал әнші.
Димаштың пікірінше, Құдай берген нәрселерге шүкіршілік ету қажет. Ақыл-парасатпен өмір сүру керек.
«Менде үлкен бір миссия бар»
Димаш Құдайберген өзінің қазақ екенін, қазақ мәдениетінің өкілі екенін ұдайы еске салып жүреді. Қазақ өнерін әлемге танытуды өзінің басты мақсаты екенін жасырмайды. Димаш Құдайбергеннің әзілдері де, ойлары да орыс немесе ағылшын тілінде айтылса да, қазақша естілетіні сондықтан.
«Мен қазақ екенімді мақтан тұтамын. Қазір менде үлкен бір миссия бар. Мен ақша табу үшін халықаралық деңгейдегі әнші болғаным жоқ. Қандай да бір коммерциялық мақсат көздеген емеспін. Мен тек қана әлемдік аудиторияда еліміздің мәдениетін, әндерімізді, дәстүрлі музыкамызды таныстырғым келді», – дейді Димаш.
Мұндай үлкен миссияны орындау әзірге тек қана Димаштың қолынан келіп тұр.
Таяуда Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне түсірілген жаңа бейнебаяны шықты.