2024 жылы бюджеттегі 371 млрд теңге игерілмей қалған

Былтыр ел бюджетінде 422 млрд теңге тиімсіз жұмсалса, ал 371 млрд теңге мүлде игерілмей қалған. Бұл жайлы бүгін мәжіліс отырысында айтылды.
Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева баяндамасында аудиторлық палатаның ел бюджетіне жасаған аудитінің қорытындысын оқыды. Атап өткен негізгі проблеманың бірі – қаражаттың тиімсіз жұмсалуы. Былтыр 500 млрд теңгеге жуық қаражат тиімсіз пайдаланылған.
«Тиімсіз қаражат көлемі жоғары деңгейде қалып отыр. Жоғары аудиторлық палата дерегі бойынша, 2024 жылы тиімсіз пайдаланған бюджет пен актив көлемі екі есе өсті. 2023 жылы 250 млрд теңге болса, 2024 жылы – 475 млрд теңге. Ал анықталған құқық бұузшылық көлемі 860 млрд теңгені құрады», – деді ол баяндамасында.
Үкімет бюджет орындалуына келісе алмай жатыр ма?
Бюджет орындалуына қатысты қаржы министрлігі де есеп берді. Бірақ олар көрсеткен сандар басқаша. ЖАП өкілі Нұржанов Нұрлан былтыр 860 млрд теңге игерілмеді десе, өаржы ведомство өкілі Дәурен Әденовтың сөзінше, игерілмеген бюджет көлемі 371 млрд теңгені құрайды.
Қаржы министрлігі бюджеттің игерілмей қалуына түсініктеме берді.
«Көрсетке соманың 60 пайызы мемлекеттік аудит шараларынан болған кемшілікті табу бойынша шыққан. 9,1 млрд теңге – квазимемлекеттік кәсіпорындардың жұмсалмаған қаржысы. 92 млрд теңге – министрліктердің игерілмеген сомасы, 45,9 млрд теңге бюджеттік кредит бойынша игерілмеген сома», – деді ведомство өкілі Дәурен Әденов.
Әсіресе, қаржы, еңбек және әлеуметтік қорауға, көлік министрлігіндегі игерілмеген қаржы жоғары болып тұр.
Бірақ екі ведомстводағы кейбір көрсеткіштердің бірдей емес екендігі түсініксіз болды. Мәжіліс депутаты Савельева Татьяна неге екі түрлі екенін сұрады.
«Біз екі ақпарат әзірлейміз. Біріншісі 2024 жылы бюджетті тексеру кезінде анықталған сома. Оны әріптесім айтты, 371 млрд теңге. Бұдан басқа бюджетке аудит жасау мақсатында өткен кезеңдерді де қамтимыз. 27 аудит қорытындысымен 860 млрд теңге шықты», – деп түсіндірді ЖАП өкілі Нұржанов Нұрлан
Бір жылда бюджетке 13 рет өзгеріс енгізген
Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, былтыр республикалық бюджетті 13 рет өзгерткен.
«Республикалық бюджеттің шығыстарына 13 рет өзгерістер енгізілген. Бұл соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш болып отыр. Нәтижесінде бюджеттің шығыс бөлігінің 26%-ы (6,2 трлн теңге) қайта қаралды. Мұндай жиі енгізілетін өзгерістер бюджеттік жоспарлаудың болжамдылығына нұқсан келтіре отырып, қысқа мерзімді шешімдерге баса назар аударуға бағытталғандығын көрсетеді», – деді Нұржан Нұрланов баяндамасында.
Бұл мәселені сала сарапшылары да көтерген еді. Экономист Меруерт Махмұтова 2024 жылдың бюджетін он рет түзетсе, 2025 жылдың бюджетін жоспарлауда да қателік болады деген.