Құқық қорғаушылар «Қазақстан халқына» қорын тексеруді сұрайды

Қоғамдық ұйымдар мен белсенділер Президент атына ресми үндеу жолдап, «Қазақстан халқына» қорының қызметіне мемлекеттік аудит жүргізуді талап етті. Еуразиялық пациенттік ұйымдар одағының төрайымы Саида Тәукелова бұл туралы өзінің парақшасында жариялады.
Тәукелованың жазуынша, соңғы кездері қор республикалық комиссияның медициналық қорытындысы болса да, науқастарды емдеуге қаржы бөлмей отыр. Ұйым сирек кездесетін (орфандық) ауруларға шалдыққан науқастарды өмірлік маңызы бар қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тиіс. Бірақ қаражат жоқ деген себеппен ол міндет орындалмай тұр.
«Қаражат жоқ» деген не сөз? Миллиардтаған қаржы қайда кетті? Қор жыл сайын мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардан міндетті түрде 7% көлемінде қаражат жинайды. Сондықтан қор тек құрылтайшыларға емес, қоғамға да есеп беруі тиіс», – дейді ол.
Тәукелованың сөзінше, қордағы медициналық заттар мен дәрі-дәрмекке қатысты сатып алулар, жеткізушілер, бағалар туралы ақпарат мүлде жабық. Өтініштерді мақұлдау критерийлері жарияланбайды. Осы жағдайларға қатысты белсенділер қор жұмысын тексеруді сұрайды. Нақты айтқанда:
• Қор қызметіне 2022 жылдан бастап мемлекеттік аудит жүргізу;
• Қабылданған/қабылданбаған өтініштер, шешімдер, тендер, жеткізушілер мен бағалар туралы ақпаратты ашық жариялау;
• Ішкі комплаенс қызметін құру және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті тексеруге тарту керек деп есептейді.
«Қазақстан халқына» — бұл жеке қор емес. Бұл – халық атынан құрылған ұлттық ресурс. Әр күнгі кідіріс біреудің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Балаларды қорғау күні қарсаңында бұл үнсіз қалатын мәселе емес», – деді Саида Тәукелова.
«Қазақстан халқына» қоры 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған. Былтыр сол кездегі қор төрағасы Болат Жәмішов Тоқаева алдына барып, есеп берді. Ол соңғы үш жылда 103 жобаға 230 млрд теңге қаражат бөлгенін айтты.
Ал ауыр жағдайдағы 461 адамның ем-домына 14,5 млрд төлеген. Оның 342-сі – балалар.