Елімізде «Қорқыт ата» атты жаңа экономикалық аймақ құрылды

Елімізде «Қорқыт ата» жаңа арнайы экономикалық аймағы құрылды. Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы қаулыға қол қойды.
Жаңа экономикалық аймақ Қызылорда облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын 550 гектар аумақта орналасады. Алдағы 25 жыл ішінде бұл аумаққа 150 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Оның ішінде шетелдік инвестиция көлемі 80 млрд теңге болу керек.
«Қорқыт ата» экономикалық аймағында үш мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделген. 40-қа жуық компания болады. Оларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылмақшы. Арнайы құқықтық режим де жұмыс істейді.
«Арнайы экономикалық аймақ аумағында заманауи өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестиция тарту, экономика саласында жаңа технологиялар енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру үшін мүмкіндіктер жасау жоспарланған», – деп жазылған үкімет хабарламасында.
Арнайы экономикалық аймақ – еліміздегі арнайы арнайы құқықтық режимі мен инфрақұрылымы бар аумақ. Қазақстанда әртүрлі салалық бағыттар бойынша 14 арнайы экономикалық аймақ бар.