Оқу-ағарту министрлігі Тралалеро, Крокодило мультфильмдеріне қатысты пікір білдірді

Жарияланды 19 Мамыр 2025 20:26

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: Youtube скрин

Bombardiro Krokodilo, Tralalero Tralala тәрізді мультфильмдер балаларда мазасыздық пен агрессия туғызады. Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалар құқығын қорғау комитеті ЖИ-мультфильмдерге байланысты мәлімдеме жасады.

«Балалардың құқығын қорғау комитеті сырттай бейкүнә көрінетін, бірақ ішінде жасырын түрде теріс мағынадағы идеяларды тарататын интернеттегі мультфильмдердің көбейгеніне алаңдаушылық білдіреді. Мұндай видеолар балаларға бұрмаланған образдарды ұсынып, мазасыздық пен агрессия туғызады, сондай-ақ негізгі адамгершілік құндылықтарға нұқсан келтіреді», – деп жазылған комитет мәлімдемесінде.

Осыған байланысты комитет нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге ұсыныстар әзірлеп жатыр. Тиісті хаттар Мәдениет және ақпарат министрлігіне, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне жолданады.

«Балаларыңыздың не көріп жүргеніне, кіммен араласатынына және интернетте қандай тақырыптарды талқылайтынына ерекше назар аударуыңызды сұраймыз. Балаңызбен үнемі сөйлесіп, оның сыни ойлау қабілетін және зиянды ақпаратқа қарсы иммунитетін дамытыңыз. Күдік тудыратын контентті байқасаңыз, бірден тиісті органдарға хабар беріңіз. Баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі үшін ең маңызды фактор – сіздің белсенді қатысуыңыз», – деп атап өтті министрлік.

Әлеуметтік желілерде кеңінен тараған «Бомбардиро Крокодило» және «Тралалело Тралала» атты кейіпкерлер жасөспірімдер арасында трендке айналған. Бірақ мәтіндерінің астарында діни-наным сенімді қорлайтын, зорлықты насихаттайтын мағына болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз