
Енді сим-карта сатып алатын кезде ID өтуіңіз керек. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ашық ҮЕҰ» порталына арнайы заң жобасын жариялады.
Жаңа заңға сәйкес, байланыс операторынан сим-карта сатып алатын кезде сатып алушы тұлғасын растау рәсімін міндетті түрде жүзеге асыруы тиіс. Егер тұтынушы ID-ден өтпесе, дилерлер мен дистрибьютерлер арқылы сатуға шектеу қойылады.
Тағы бір өзгеріс – өтініштерді қарау процесі автоматтандырылады. Абонент шағымды ақпараттық-анықтамалық қызмет жүйесі арқылы қалдыра алады. Байланыс операторы нөмірді бірден тексеріп, алаяқтық фактісі расталса, бұғаттайды.
Заң жобасы авторларының түсіндіруінше, белгісіз тұлғаларға тіркелген sim-карталар арқылы жасалған қылмыс деңгейі артқан. Бұл елдің киберқауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді.
SIM-картаны қолдануға қатысты заң қаралып жатыр
Қазір парламентте SIM-картаны қолдануға қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Жаңа құжат қабылданса, елдегі байланыс нарығында үлкен өзгерістер болмақшы.
Жобадағы үсыныстың бірі – байланыс операторларынан арнайы колл-орталықтар ашу. Егер күдікті қоңыраулар болса немесе алаяқтар хабарласса, бірден колл-орталықпен байланысып ескертуге болады. Ал sim-карталардың өзін тек ұялы байланыс операторлары ғана сата алады.
Сондай-ақ, 10-нан көп SIM-карта сатып алатын адамдарға хабарласып, қандай мақсатта алғанын сұрайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев сөзінше, егер олардың мақсатсыз пайдаланса, айыппұл салуы мүмкін.
Еске салайық, дәл қазір атыңызда қанша sim-карта тексергенін білуге болады. Толығырақ мына жердегі материалда жазылған.