Тоқаев қазақстандық тауар өндірушілер туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық тауар өндірушілер туралы заңға қол қойды. Енді елімізде отандық тауар өндірушілер туралы барлық ақпарат енгізілген арнайы реестр құрылады.
«Тізілімде отандық тауар өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер қамтылады. Тізілімге енгізілген тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болады. Сондай-ақ олар мемлекет сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларына қатыса алады», – деп жазылған Ақорда хабарламасында.
Отандық тауар өндірушілер реестрі туралы заң жобасын осы сәуірде Сенат мақұлдап, президент қол қоюына жіберген еді. Аталған құжат қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Тізілім толыққанды ақпараттық жүйе болады және басқа да ақпараттық жүйелермен бірігеді.