Депутат Бәшімов жемқордың туыстарының, көңілдесінің мүлкін тәркілеуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов бас прокурор Берік Асыловқа хат жолдап, жемқорлық әрекеттен түскен мүлікті тәркілеу аясын кеңейтуді ұсынды. Парламент өкілі жемқордың туыстары, тіпті көңілдесі атына жазылған мүлікті де тәркілеу керек деп есептейді.
Бәшімовтің айтуынша, жақында Мәжіліске «қылмыстан түскен ақшаны заңдастыруға қарсы маңызды заң жобасы алғашқы оқылымға шығарылады». Құжатқа жүзден аса өзгерту енгізілген.
«Мүлікті тәркілеуді кеңейту өте маңызды. Себебі әлемде біздегідей көп ұрлаған ел жоқ», – деп есептейді депутат.
Оның пікірінше, елдегі заңнамада үшінші бір адамдардың атына жазылған мүліктер мен активтерді тәркілейтін заң жоқ. Бәшімов сол себепті көптеген адам жауапкершіліктен сытылып кетіп жатыр деп есептейді.
«Ал ұрлаған мүлкін туыстарының, көңілдестерінің және басқа да адамдардың атына жазылған сотталушы алаңсыз отыра береді. Кейін сол активтерімен, ақшасымен рахаттанып өмір сүреді», – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, мүлікті тәркілеуді кеңейту күдікті заңды келгенін дәлелдей алмаған активтерге, мүліктерге қолданылады.
«Мынадай механизм ұсынылады: істі болған адам мүлкінің қайдан келгенін дәлелдей алмаса, ол тәркіленеді», – деп түсіндірді Бәшімов.
Transparency International мәліметінше, Қазақстан 2024 жылғы жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 88-орында тұр. Бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Рейтингке әлемнің 180 еліндегі мәлімет кірген.
Жемқорлықты қабылдау индексі (Corruption Perceptions Index – CPI) – жемқорлық дәрежесін бағалауға арналған әлемдік мониторингтің бір түрі. Халықаралық ұйым жыл сайын әлемдегі жемқорлық деңгейін бағалайды.