Ескерту алған жүздеген блогер 256 млрд теңге салық төледі

Мемлекеттік кірістер комитетінен ескерту хат алған 850 блогердің 40%-дан астамы өз еркімен салық төлеп, табыс тапқанын растады. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Астанадағы журналистерге осылай деп мәлімдеді.
«Шамамен 850 блогерге ескерту жолданды. Солардың ішінде 360 блогер табыс тапқанын өз еркімен растады. Олар 256 млрд теңге төледі», – дейді қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.
Оның айтуынша, салық төлемеген қалған блогерлерге қатысты жүргізілген жұмыс нәтижесі қосымша хабарланады. Вице-министр талапты орындамаған азаматтарға шара қолданатынын ескертті.
«Салық кодексінде қарастырылған ережелерге сай шара қолданылады», – деді шенеунік.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың басында елдегі блогерлер Мемлекеттік кіріс комитетіне ескерту хат ала бастады. Салық органдары оларды табысын жасырды, табыс туралы мәліметті дұрыс көрсетпеді деп айыптады.
Ақпанның аяғында санаулы блогер ғана табыс төлегені мәлім болды. Салық органдарынан ескерту алғандар наурыздың аяғына дейін есеп беруі керек екенін ескертті.