Chrome браузері мен Android-та алаяқтардан қорғайтын технология енгізілді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Gemini Nano ЖИкөмегімен алаяқтық сайттар мен хабарламаларды өздігінен анықтайды / Фото: kursiv.media  архиві

Енді Chrome браузері мен Android смартфондары Gemini Nano жасанды интеллектінің көмегімен алаяқтық сайттар мен хабарламаларды өздігінен анықтайды. Соның арқасында ақша мен жеке деректерді сақтап қалуға болады.  

Google алаяқтық мәселесіне бей-жай қарамай, жасанды интеллект технологияларын тікелей құрылғыда қолдана бастады. Компания жеңілдетілген Gemini үлгісіне негізделген Gemini Nano жасанды интеллектін қолдануда, ол алаяқтық веб-сайттар мен экран бетіне шығатын хабарламаларды нақты уақыт режимінде анықтай алады.  Бұл функция қазірдің өзінде Chrome браузерінің кеңейтілген қорғанысын (Enhanced Protection) қосқан компьютер пайдаланушыларына қолжетімді. Ең бастысы, бүкіл процесс деректерді бұлтқа жібермей, тікелей пайдаланушының құрылғысында жүреді.

Бірақ Google тек десктоп нұсқасымен шектелмейді және Android құрылғыларына арналған осындай қорғанысты да іске қосатынын хабарлады. Алдымен бұл функция Android жүйесіндегі Chrome браузеріне енгізіледі және күдікті сайт push-хабарлама жіберсе, Google оны дереу белгілеп, сізге ол сайтқа сенетініңізді немесе жазылымнан бас тартқыңыз келетінін таңдауға мүмкіндік береді.

Бұл хабарландырулар түпкілікті шифрлаумен қорғалған және оларды талдау толығымен пайдаланушының құрылғысында орындалады. Google хабарламалардың мазмұнына қол жеткізе алмайды. Себебі бұл хабарламаларда құпия ақпарат болуы мүмкін. Сондықтан компания модельді нақты қолданушылардың хабарламаларына емес, Gemini арқылы жасалған синтетикалық деректерге сүйеніп жасап көрген.

Алаяқтар ЖИ көмегімен алдауға көшті

Бүгінде алаяқтардың өзі жасанды интеллектінің қыр-сырын меңгеріп, оны өз пайдаларына жаратуға көшкен. Олар ЖИ көмегімен шынайы мазмұнға ұқсас жалған контентті оңай жасап алуды меңгеріп алған. Соның нәтижесінде олар жеке мәліметтер мен ақша ұрлау ісін жеңілдетіп алды.

Бұл қауіпке қарсы тұру үшін Google жуырда Android құрылғыларына алаяқтық хабарламалар мен қоңырауларды анықтау жүйесін енгізді. Ол Google Messages және Google Phone қосымшаларына енгізілген және ең күрделі алаяқтық схемаларды да анықтап, алдау процесін ерте сатысында тоқтатуға көмектеседі.

Айта кетейік, Қазақстанда Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылады. Суперкомпьютер елдің цифрлық экожүйесін дамытады. Сондай-ақ қуатты компьютер денсаулық сақтау, энергетика, білім беру және мемлекеттік қызметтер сияқты барлық саланың цифрландыру шараларына оң әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыз