
Audi және Honda модельдері Қытайда шыққан ең сапалы бензинмен жүретін кроссоверлер атанды. Қытайда бірлескен кәсіпорын ашқан неміс және жапон брендтері үздік топ-5 тізіміне еніп отыр. Бұл туралы «Қытай автомобильдері» басылымы Қытай автокөлік сапасы желісінің жүргізген зерттеуіне сілтеме жасап хабарлады.
Қытай автокөлік сапасы желісі жергілікті автонарықтағы түрлі санаттар мен кластар бойынша бірнеше рейтингтік тізім жариялады. Соның бірі — Қытайда шыққан дәстүрлі мотормен жүретін модельдер тізімі.
Нәтижесінде, бұл сегментте ең сапалы модельдер ретінде Audi Q6, Honda UR-V, Honda CR-V, сондай-ақ Audi Q2L және Honda Avancier танылды. Бұл кроссоверлер орташа 192 баллдық көрсеткішпен салыстырғанда 140–146 аралығында ғана айып ұпай жинаған. Аталған модельдер SAIC, FAW, Dongfeng және GAC сияқты жергілікті компаниялармен бірлесіп өндіріледі.

Ал сапасы бойынша рейтингтің төменгі сатысында Dongfeng Aeolus AX7 тұр — ол 267 айып балл жинады. Антирейтингтің екінші орнында тағы бір бірлескен кәсіпорын өнімі — Range Rover Evoque (263 балл), ал үшінші орынды Venucia Star (259 балл) иеленді.

Қытайдан тыс нарықтарда да белгілі кейбір кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер рейтингтің жоғарғы орнына енген. Мысалы, GAC GS8 (147 балл), Tank 500 (151 балл), Haval Dargo (161 балл) және Changan Uni-K (180 балл). Tank 300 173 айып балмен 27-орынға ие болды.
Сонымен қатар, бензинмен жүретін модельдердің орташа көрсеткіші — 192 балл — электромобильдерден (195 балл) жақсы, алайда гибридтерден (187 балл) төмен екені атап өтілді.