Жаңалықтар

Үкімет Қызылордадағы жылу қазандығын жөндеуге 2,5 млрд теңге бөлді

Қазір Оңтүстік қазандықтың негізгі жабдықтары апатты жағдайда жұмыс істеп тұр / Фото: kursiv.media архиві

Үкімет Қызылорда қаласындағы Оңтүстік қазандығының үш бу қазандығын қайта жаңғырту жобасына 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Кәсіпорын – қала тұрғындарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін жалғыз ұйым. Ол негізгі ЖЭО, Оңтүстік және автономды қазандықтар арқылы жылу жеткізуді жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта Оңтүстік қазандықтың негізгі жабдықтары апатты жағдайда жұмыс істеп тұр, қуат резерві жоқ. Оларды реконструкциялау жобасын жүзеге асыру 2024 жылы басталған, Үкімет резервінен 2,04 млрд теңге, облыстық бюджеттен 655 млн теңге бөлінген болатын. Аталған кезеңде суды химиялық тазарту қондырғыларын ауыстыру, ескі қазандықтарды бөлшектеу, сондай-ақ жаңа жабдықтар жасау үшін зауытқа өтінімдер беру бойынша жұмыстар орындалды.

«Жобаның аяқталуы алдағы жылыту маусымына дайындалуға және қаланың оңтүстік бөлігі тұрғындарын: 197 көппәтерлі тұрғын үй кешенін, 73 әлеуметтік және 69 шаруашылық нысанды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,–делінген хабарламада.

Осыған дейін, Риддер қаласындағы жылу электр орталығын (ЖЭО) жөндеуге Үкімет резервінен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінген болатын. Кейінгі екі жылда Риддер ЖЭО-ға жалпы сомасы 15,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражаттың есебінен қазандықтар мен турбиналар жөнделіп, жылу желілерінің 21,3 шақырымы жаңартылған. Нәтижесінде станса жабдықтарының тозу деңгейі 75%-дан 46%-ға, ал жылу желілерінің тозуы 82%-дан 67%-ға дейін төмендеген.