Мектеп күзетшісіне қойылатын талаптар бекітілді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда кім мектеп күзетшісі болып жұмыс істей алады? / Коллаж: kursiv.media  архиві

Қазақстанда мектептер мен балабақшаларда жұмыс істейтін күзет ұйымдарына қойылатын жаңа, бірыңғай талаптар ресми түрде бекітілді. Бұл туралы Премьер-Министр орынбасары Ермек Көшербаев депутаттардың сауалына берген жауабында айтты.

Енді балаларды тек белгілі бір стандарттарға сай келетін, лицензиясы бар компаниялар ғана күзете алады. Мектептер мен балабақшаларда штаттық қызметкерлер де жұмыс істей алады, бірақ олар арнайы дайындықтан өтуге тиіс.

Күзетшілерге қойылатын міндетті талаптар:

  • жасы – 25 пен 50 жас аралығында болуы керек;
  • арнайы даярлықтан өткен болуы;
  • қару алып жүруге және қолдануға лицензияның болуы;
  • соттылықтың болмауы;
  • күзет компаниясының өз кеңсесі болуы;
  • кемінде екі жедел әрекет ету тобының болуы тиіс.

Бүгінде Қазақстандағы 6 900-ден астам мектеп пен басқа да білім беру ұйымдары лицензияланған күзет компанияларының қызметімен қамтылған.

«2022 жылдан бастап білім беру ұйымдарына 220 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Олар полицияның жедел басқару орталықтарына қосылған және бейнежазбалар 30 күнге дейін сақталады. Бұл ғимараттың ішінде және айналасында болып жатқан жағдайды нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді», – деді Көшербаев.

Айта кетейік, Қазақстанда жеке күзет ұйымдары мен мамандандырылған оқу орталықтарына мемлекеттік бақылау күшейтілді. Өткен жылғы дерекке сүйенсек, ішкі істер органдарында 3969 жеке күзет ұйымы тіркелген. Оларда 97 806 күзетші жұмыс істейді. Оларға 22 479 қару қарастырылған. Сонымен қатар 81 жедел басқару орталығы бар, онда 458 қару-жарақ тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз