Шетелде босанғыңыз келсе, қай елді таңдаған жөн

Кейінгі онжылдықта туризмнің жаңа түрі қарқын алып келеді. Ол — босану туризмі. Аяғы ауыр әйелдер шетелде босану үшін белгілі бір елді таңдап, айы-күні жақындағанда сол мемлекетке уақытша қоныс аударады. Бұған себеп көп: бірі сапалы медицина, ауруханадағы комфорт үшін басқалары баласы мен өзіне дамыған елдің азаматтығын алу мақсатымен шетелде босануды жөн көреді. Қандай себеп болса да, шетелде бала дүниеге әкелу тәжірибесіне қызығып жүрген жандарға «босану туризмі» жайлы пайдалы ақпарат дайындап қойдық.
Шетелде босануға дайындық
Қай мерзімде ұшу керек?
Баланың өмірге келетін уақыты 38-40 апта. Шетелге босанардан кемі 2 ай бұрын бару керек. Өз елінде туған балаларға бірден азаматтық беретін елдер кейінгі жылдары тек босану үшін келетін мигранттарға бақылауды күшейткен. Кейде босану уақыты жақындап қалған туристерді елге кіргізбей, шекарадан қайтаратын оқиғалар кездеседі. Осындай келеңсіздіктің алдын-алу үшін босанатын еліңіздегі өзгерістерден үнемі хабардар болып, сапарыңызды мейлінше ертерек уақытқа жоспарлаған дұрыс.
Ұшардан бұрын міндетті түрде дәрігерге қаралып, денсаулық жағдайыңыз туралы анықтама аласыз. Билет алатын әуе компанияңыздың жүкті әйелдерге қатысты саясатымен танысып шығыңыз. Кей компаниялар тек 28 аптаға дейін ғана ұшуға рұқсат береді.
Баспана
Тұратын жеріңіз босанатын ауруханаға жақын болғаны жақсы. Толғақ басталғанда, ауруханаға қалай жететіңізді күні бұрын ойластырып қойыңыз. Кептеліс уақыты мен балама жолдарды білу, B жоспарының болуы да артық етпейді.
Тұратын баспананы ертерек барып, уақытша қонақүйде немесе airbnb пәтерде тұрып, аудандарды аралап, таңдауға болады. Алаяқтарға алданып, ақша жоғалтып немесе көп мәселеге бас қатырғыңыз келмесе, сол елде тұратын, мигранттарға көмектесетін кеңесші табыңыз. Әр елде өзі босануға барып, бүкіл процестен өткен, қазір басқаларға ақылы қолдау көрсететін азаматтар құрған компаниялар көп.
АҚШ, Канадада үйлерді жалға алғанда, жиһазсыз беретінін ескеріңіз. Оған да алдын-ала дайын болу керек. Көп елде үй иесіне босануға келгеніңізді, пәтерде жаңа туған сәби болатынын күні бұрын ескерту керек.
Аурухана
Ең маңызды тармақ. Дәрігерлердің біліктілігі мен медицина сапасы өзіңіз бен сәбиіңіздің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан баратын еліңіздегі ауруханаларды біртіндеп талдап, алдын-ала хабарласып көріңіз. Нақты шешім қабылдау үшін тізімдегі ауруханаларды аралап шығыңыз. Сол ауруханада босанған басқа әйелдердің пікірін біліп, таңдау жасаңыз.
Аудармашы немесе доула
Ағылшын немесе жергілікті тілді білмесеңіз, босану процесіне аудармашы немесе доула дайындау керек. Өйткені босану кезінде дәрігерлердің нұсқаулығын түсініп, дұрыс орындау өте маңызды. Сондықтан медициналық қызметкерлермен коммуникацияны күні бұрын шешіп қойыңыз.
Босанғаннан кейін не істеу керек?
Бала босанғаннан кейін мынадай құжаттар беріледі:
- Бала туғаныңыз жайлы анықтама. Ауруханада беріледі. Онда туған күні, жері, бала мен ата-анасының деректері жазылады.
- Туу туралы куәлік. Муниципалды органда жергілікті тілде беріледі. Өз еліңізге қайтқан соң, бұл құжатты мемлекеттік тілге аударып, заңдастыру керек.
- Туу барысы жайлы анықтама. Бұл құжатта туу процесінің қалай өткені (табиғи босану немесе кесір тілігі), қандай препараттар қолданылғаны, баланың бойы, салмағы, тіркелген аурулары жазылады.
Мемлекет бала мен ата-анасына азаматтық беретін болса, жергілікті әлеуметтік көмек министрлігіне жүгініп, бала тууға байланысты жәрдемақыға өтініш беруге болады. Ондай мүмкіндік болмаса, өз еліңіздегі мемлекеттік төлемдерге құжат тапсыра аласыз.
Шетелде босану қанша тұрады?
Ел атауы | Босану құны (шамамен) |
АҚШ | 20-25 000 $ |
Канада | 10 000 $ бастап |
Чили | 4000-4500 $ |
Аргентина | 3000-6000 $ |
Испания | 3000-5000 $ |
Германия | 8000-10000 $ |
Израиль | 6000-30000 $ |
Босану шығындарына не әсер етеді?
- Табиғи босану арзанырақ жүреді. Кесір тілігі 1,5-2 есе қымбат.
- Мемлекеттік ауруханалар көбіне тегін немесе арзан болады. Жекеменшік ауруханалар әлдеқайда қымбат, бірақ жайлырақ.
- Босанғаннан кейін ауруханада қанша уақыт қалғаныңызға байланысты аурухана шоты да ұлғая береді.
- Босану кезіндегі кез келген асқынулар үшін қосымша ақы төленеді.
- Анестезия, аудармашы, жеке палата сияқты қосымша қызметтерге бюджет қарастырып қою керек.
- Босанғанға дейін және одан кейін тұратын үй, тамақ, дәрігерге қаралу, отбасылық шығындар да жоспарда болсын.
Шетелде босану салыстырмалы түрде қымбат болғанымен, көп мемлекет өз территориясында дүниеге келген балаларға автоматты түрде азаматтық береді. Бұл — төлқұжаты әлсіз, шетелде оқып, жұмыс істеп, өмір сүруге қалу мүмкіндігін жиі іздейтін ел азаматтарына жақсы бонус.
Елде туған балаларға (көп жерде дипломат балаларынан басқа деген шектеу бар) ата-анасының миграциялық мәртебесіне (тұрғылықты мекенжай анықтама бар-жоғына) қарамастан, бірден азаматтық беретін елдер: Аргентина, Белиз, Боливия, Бразилия, Венесуэла, Гайана, Гватемала, Гондурас, Канада, Коста-Рика, Мексика, Никарагуа, Панама, Парагвай, Уругвай, Чили, Эквадор, Тувалу, Фиджи, Танзания, Лесото, Пәкістан, Доминика, Куба, Гренада, Антигуа және Барбуда, Ямайка.
Еуропа елдерінде туған балаға азаматтық алудың қосымша шарты көп. Солтүстік Америкада балаға туғанынан азаматтық беретін елдер — АҚШ пен Канада. Мұнда өмір сүру, қызмет көрсету құны жоғары болғанымен, көп адам аталған елдердің төлқұжатын алғысы келеді. Бірақ кейінгі жылдары босану туризмінде көш бастап келген АҚШ-та бірқатар өзгерістер болып жатыр.
АҚШ
2025 жылдың қаңтарына дейін АҚШ-та туған балаларға бірден азаматтық берілетін. Бірақ 2025 жылдың 21 қаңтарында АҚШ президенті Дональд Трамп бұл құқықты шектейтін жарлыққа қол қойды. Әзірге сот шешімімен уақытша тоқтатылған жаңа жарлыққа сәйкес, туа сала азаматтық алу құқығы АҚШ азаматтары мен грин карта иелерінде ғана сақталады. Елде құжатсыз жүрген адамдар, заңсыз мигранттар мен туристер бұл құқықты пайдалана алмайды. Жарлыққа қатысты соңғы шешімді АҚШ Жоғарғы соты қабылдайды.
Канада
«Азаматтық жайлы» заңға сәйкес, Канада территориясында туған балаларға ата-анасының миграциялық мәртебесіне қарамастан, автоматты түрде азаматтық беріледі. Ата-анасы Канадада бала дүниеге әкелгені үшін азаматтық ала алмайды. Бірақ баласы 18 жасқа толғаннан кейін отбасы мүшелерін қауыштыру бағдарламасы бойынша азаматтыққа тапсыра алады.
Канаданы көбі мықты төлқұжаты мен медицина сапасы үшін таңдайды. Шетелдіктер арасында танымал ауруханалар қатарына Monfort hospital, Ottawa hospital, Sunnybrook Health Sciences Center жатады.
Баға, құжат рәсімдеу процесі, төлқұжат күші, азаматтық арқылы берілетін мүмкіндіктер легі бойынша қазір АҚШ пен Канадаға жақсы бәсекелес пайда болды. Олар — Латын Америкасындағы Аргентина мен Чили.
Аргентина
Аргентинаның «Азаматтық туралы» заңында елде туған балалардың бәріне азаматтық беріледі деп жазылған. Ата-анасы отбасы мүшелерін қауыштыру туралы өтініш беріп, тұрғылықты мекенжай анықтамасын, 2 жыл елде тұрғаннан кейін ұлттық төлқұжат ала алады. Аргентина құжатымен әлемнің 171 еліне визасыз саяхаттауға, АҚШ-қа жеңілдетілген жолмен виза алуға болады. Аргентинаның мемлекеттік ауруханаларында шетел азаматтары да тегін қарала алады. Бірақ босануға барған туристер әдетте жекеменшік ауруханаларды таңдайды.
Аргентина — cаяхаттауға да, өмір сүруге де өте әдемі ел. Бірақ елден жұмыс табу қиын, сондықтан шетелде кәсібіңіз, тұрақты табыс әкелетін онлайн жұмысыңыз болса, сырттан тапқан ақшаны Аргентинада жұмсап өмір сүрген тиімді.
Чили
Чили — Латын Америкасындағы медицина сапасы ең жоғары ел. Қызмет көрсету сапасы АҚШ-пен бірдей саналады, бірақ бағасы одан бірнеше есе арзан. Балаға азаматтық бірден беріледі, ата-анасы 2 жылдан кейін төлқұжатқа тапсыра алады. Чили төлқұжатымен әлемнің 175 еліне, оның ішінде АҚШ пен Еуроодаққа визасыз саяхаттауға болады.
Чили — Тынық мұхиты мен Анд тауларының ортасында жатқан климаты жайлы, табиғаты ерекше ел. Мұнда жыл он екі ай дәруменге бай көкөністер мен жемістер қолжетімді, халқы да қонақжай. Балаға ғана емес, бүкіл отбасына азаматтық алу мүмкіндігі, медициналық қызмет бағасының арзандығы мен жоғары сапасы, өмір сүру жайлылығы Чилидегі босану туризміне үлкен серпін берді. 2022 жылы елде туған сәбилердің 14 пайызын шетелдіктер құраған.