Алаяқтар қазақша «сөйлей» бастады: оларға алданбау амалы, қорғану жолы қандай

Бүгінде интернет алаяқтықтың саны да түрі де көп. Тіпті кейінгі кезде алаяқтар «қазақша сөйлеп» алдаудың жаңа айла-тәсіліне көше бастаған. Алайда Алматы қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-әрекет басқарма бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев алаяқтық түрлене түскеніне қарамастан, олардың бәріне тән белгілер бар екенін атап өтті. Полиция подполковнигі Kursiv.Мedia тілшісіне берген сұхбат барысында кибералаяқтықты әшкерелеу амалдары мен олардан қорғану жолдары туралы айтып, азаматтарға маңызды кеңес берді.
«Алаяқтар қазақша өте ресми тілде сөйлейді»
– Бүгінде интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері қандай?
– Алаяқтар көбіне өзін Ұлттық банк, құқық қорғау органдарының қызметкері, ұялы оператор маманы ретінде, «1414 операторымын», «курьерлік қызметтенмін» деп таныстырады.
– Жасанды интеллектпен жасалатын киберқылмыстар қаншалықты жиіледі?
– Жасанды интеллект дамыған сайын оның көмегімен жасалатын қылмыстар да дамып жатыр. Әзірге өте жиі емес, бірақ соңғы кезде ұлғайғаны байқалады. Оны Дипфейк деп атаймыз. Ол жерде ЖИ көмегімен даусын өзгертеді немесе видео түрінде белгілі бір адамды сөйлетеді, сол арқылы адамдарды алдайды.
– Қазіргі уақытта алаяқтар қазақша «үйреніп алғаны» туралы ақпарат шығып жатыр. Сіздерде мұндай фактілер тіркелді ме?
– Алматы қаласы бойынша «қазақша сөйлейтін» алаяқтарға алданған жағдайлар тіркелген жоқ. Алайда біздің тәжірибемізге алаяқтар әрекеттері туралы «міне, қазақша сөйлеп жатыр» деп жүгінген бір-екі адам болды. Алаяқтар мұны жасанды интеллект арқылы жасады деп ойлаймыз. Өйткені олар қазақша өте ресми тілде сөйлейді, айтып жатқан шын адам емес екені көрініп тұрады.

«Алаяқтарды қалай анықтаймын»
– Қарапайым адамдар оларды қалай ажыратады? Интернет алаяқтарды не біріктіреді?
– Оларды біріктіретін бір нәрсе: сізге хабарласып, өзін белгілі бір орган қызметкері ретінде таныстырып, өзінің жымысқы әрекеттерін жасауға тырысады. Жеке ақпаратыңызға қол сұғады, смс кодтарды сұрайды. Қаржылық операцияларды жасауды сұрайды. Яғни «белгілі бір шоттан ақшаны шешіп, басқаға аудар немесе қауіпсіз шотқа жібер» деуі мүмкін. Бұл жерде банк болсын, құқық қорғау органдары я басқа органдар болсын, телефон арқылы хабарласып, «ақшаңызды шешіңіз немесе белгілі бір қаржылық операцияларды жасаңыз» деген нұсқауды ешқашан бермейді.
– Интернет алаяқтық фактілерін ашу қаншалықты оңай яки қиын?
– Алматы бойынша киберқылмыстардың ашылуы қазіргі уақытта 45% төңірегінде. Мұндай қылмыстарды ашу өте ауыр. Өйткені киберқылмыс – трансұлттық қылмысқа жатады. Яғни күдікті кез келген мемлекетте болуы мүмкін. Ең алдымен, осы факті ең үлкен қиындық тудырады. Кең таралған әлеуметтік желілердің бәрі шетелдік желілер, олардың серверлері шетелде орналасқан. Олардан белгілі бір ақпарат алу үшін сол жаққа халықаралық тергеу сұранысын жолдаймыз. Сұраныс ол мемлекетке жеткенше, сол мемлекеттің құзырлы органдары онымен танысып, жауап қайтарғанша көп уақыт кетеді. Бұл қылмыстың ашылуына қиындық келтіреді. Сонымен қатар алаяқтар криптовалюталарды қолданып жатады. Ол да үлкен проблема. Өйткені оны бақылау, қадағалау бойынша орталықтандырылған тетік жоқ. Бұл – бүкіл әлемдегі проблема болып отыр.
– Алаяқтар қазір де негізінен шетелден әрекет ететін болып тұр ғой…
– Иә, қазір де солай. Өйткені олар Қазақстанда болса, техникалық тұрғыда ізіне түсіп, оңай таба алатынымызды біледі. Сондықтан шетелде отырып, белгілі бір технологиялармен хабарласады.
– Алаяқтарға алданған адамдар қайда жүгінуі керек?
– Кез келген полиция басқармасына жүгінуге болады. Қылмыс қай жерде болса, сол ауданның полиция басқармасына бару қажет. Жәбірленушінің ақшаны жіберген нүктесіне байланысты істі сол ауданның қызметкерлері тергейді.
Алаяқтардан қорғану жолдары
– Интернет алаяқтардан қалай қорғануға болады?
– Біздің ұсыныс-кеңестеріміз бір: өзіңіз жайлы, жеке деректеріңіз туралы ақпаратты ешкімге бермеу, келген смс кодтарды ешкімге хабарламау. Егер сізге хабарласып, өзін белгілі бір қызметкер ретінде таныстырып, алдауға әрекет жасап жатса, дереу тұтқаны қойып, 102 нөміріне қоңырау шалу керек. Кибергигиенаны ұстанған жөн: белгісіз сілтемелерді баспаған дұрыс, белгісіз адамдармен чат арқылы сөйлеспеу керек.
– Шынайы видео мен жасанды интеллект арқылы жасалған видеоларды қалай ажыратса болады?
– Қазіргі уақытта алаяқтар жасанды интеллект көмегімен полиция қызметкері ретінде жиі хабарласады. Жәбірленушіні видео қоңырау арқылы сөйлесуге көндіреді. Жәбірленуші экраннан не көреді: әдетте артқы жақтан белгілі бір сурет сияқты фонды көреді, қоңырау шалушының басы ғана қозғалады. Киген формасы біздің нысанға сәйкес емес, ақ көйлек пен әшейін шен тағып алған. Артындағы Қазақстан Республикасының рәміздері сурет болып тұрады. Оны мұқият қараса, кез келген адам ажырата алады. Тек мұқият болу керек.
Бұған дейін, полиция соңғы уақытта алаяқтар заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланып алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тапқанын, тіпті қазақша сөйлейтіні туралы ескерткен.
Сондай-ақ кейінгі алаяқтар емхана, коммуналдық қызмет мамандары ретінде хабарласатын схемаға көшкен.