ДДСҰ ұзақ талқыдан кейін ақыры пандемияға дайындық ережелерін қабылдады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
ДДСҰ ұзақ уақыт талқылап, ақыры пандемияға дайындық ережелерін қабылдады
ДДСҰ ұзақ талқыдан кейін ақыры пандемияға дайындық ережелерін қабылдады/REUTERS

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдағы уақытта пандемияға қалай дайындалу керектігі туралы маңызды келісімді қабылдады. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Басылым мұндай қадам 2020-2022 жылдары миллиондаған адамның өмірін жалмаған COVID-19 індетінен кейін жасалғанын атап өткен.

«Үш жылға созылған келіссөздерден кейін Женевада өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы заңдық күші бар пактіні қабылдады. ДДСҰ-ға мүше елдер бұл шешімді қол шапалақтап қарсы алды«, – делінген хабарламада.

Reuters пакті жаһандық денсаулық сақтау агенттігі мүшелерінің жеңісі ретінде кеңінен қарастырылып отырғанын атап өткен.

«Бұл келісім – қоғамдық денсаулық, ғылым және көпжақты әрекеттер үшін үлкен жеңіс. Келісім әлемді болашақ індет қаупінен бірлесіп қорғауға мүмкіндік береді», – деді ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Келісім дүйсенбі күні күтпеген кедергіге тап болған. Словакия аяқ асты құжатқа дауыс беруді талап еткен. Өйткені елдің премьер-министрі COVID-19 вакцинасына күмәнмен қараушылардың бірі. Ол өз елі атынан келісімді даулауға ниет білдірген.

Ақырында 124 ел келісімді қолдап дауыс берген. Бірде-бір ел қарсы дауыс бермеді. Ал Польша, Израиль, Италия, Ресей, Словакия және Иранды қоса алғанда 11 ел қалыс қалған.

Айта кетейік, коронавирус пандемиясы 2020 жылы басталған. Вакцина ойлап табылғаннан кейін COVID-19 бұрынғыдай қауіпті емес. Алайда әлі де індетті жұқтыру дерегі тіркеліп тұрады. 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырған 329 жағдай тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз