Үй жануарының цифрлық паспорты eGov Mobile қосымшасында пайда болды

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы енді үй жануарларының цифрлық паспорттары eGov Mobile қосымшасында қолжетімді екенін мәлім етті.
Мысық, ит және басқа да үй жануарларының иелері олардың мәліметтерін қосымшадағы «Цифрлық құжаттар» бөлімінен қарай алады.
ҰАҚ АҚ барлық мәліметтер TABAN – үй жануарларын есепке алу Бірыңғай деректер базасынан жүктелетінін атап өтті. Бұл жүйеде тіркелген барлық жануарлар және оларға қатысты маңызды оқиғалар жазылып отырады.
Цифрлық паспорттағы мәліметтер
Электрондық құжатта төмендегідей мәліметтер болады:
- жануардың жеке нөмірі;
- құжат нөмірі;
- аты;
- түсі;
- тұқымы;
- туған күні;
- ерекше белгілері;
- жануардың түрі мен жынысы;
- тіркелген мекенжайы;
- нақты тұратын мекенжайы;
- иесінің толық аты-жөні мен ЖСН;
- чиптеу, стерилизация және вакцинация туралы ақпарат;
- даталары мен мәртебелері көрсетілген.
Қызметті пайдалану үшін:
- eGov Mobile қосымшасына авторизациядан өтіп;
- «Цифрлық құжаттар» сервисіне кіру қажет;
- «Басқа құжаттар» бөлімінде Жануар паспортымен танысу керек;
- егер құжат көрінбесе, «Құжаттарды жаңарту» батырмасын басу қажет.
Цифрлық төлқұжат ветеринарлық клиникаға барғанда, саяхатқа шығарда, көрмелерге қатысқанда немесе жануар жоғалған жағдайда оның деректерін жедел ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қызмет үй жануарларын жүйелі түрде есепке алуға, қаңғыбас жануарлар санын азайтуға және иелерінің жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді.
eGov Mobile мүмкіндіктері жиі кеңейіп тұрады. Мәселен шақында жеке деректердің таралғаны білуге арналған сервис пен атыңызға қанша SIM-карта тіркелгенін білуге болатын қызмет іске қосылған.