Техникалық колледждерде діни сабақтар өтіп келген, министрлік бұған не дейді

Оқу-ағарту министрлігі техникалық арнаулы білім ордаларына діни пәндердің енгізілуіне қатысты түскен шағымға байланысты пікір білдірді.
Азамат талабы
Әсел Таухан есімді азамат техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтар классификаторына «исламтану», «теология» және «хадистану» бағыттарының енгізілуіне алаңдаушылық білдіріп, шағым түсірген. Оның пікірінше, бұл пәндерді техникалық білім беру саласына жатқызу Конституция мен білім берудің зайырлы сипатына қайшы. Бұл мамандықтардың діни сипаты техникалық біліммен үйлеспейді. Әсел Таухан талаптары орындалмаса, сотқа жүгінуге дайын.
Министрлік не дейді
Оқу ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов бұл сұрақ қазіргі таңда қаралып жатқанын жеткізді.
«Аталған мәселе біздің күн тәртібімізде тұр. Бұл бұйрық 2018 жылы бекітілген. Қазір жұмыс тобы мен тиісті сарапшылар аталған мамандықтарды классификатордан алып тастау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Нақты ақпараттар сараптама және бағалау жұмыстары аяқталған соң белгілі болады. Оның мерзімі жаңа оқу жылына мемлекеттік тапсырыс қалыптастырылғанға дейін, яғни тамыздың соңына дейін», – деді Муханбетов.
Классификаторға өзгеріс
Департамент жұмыс тобы діни пәндерді техникалық мамандықтар тізіміне енгізуге қандай негіз болғанын жан-жақты талдап жатқанын жеткізді. Сараптама нәтижесі бойынша, классификаторға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға әсер етеді деп күтіліп отыр.
Бұған дейін, Оқу-ағарту министрі мектеп бітіру кештерін атойлап өткізуге неге қарсы екенін түсіндірген.