Былтыр 5 млн смартфонның 75%-ы елге заңсыз кіргізілген: телефонымды қалай тексерем

Орталық коммуникациялар қызметінде мобильді құрылғыларды тіркеу ережелеріндегі өзгерістерге арналған брифинг өтті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков жаңашылдықтар ұялы телефондардың көлеңкелі айналымын қысқартуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және нарықтағы ашықтықты арттыруға бағытталғанын атап өтті.
3 млн 750 мың смартфон заңсыз кірген
Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 5 миллионға дейін смартфон сатылған, оның 75%-ға жуығы заңсыз жолмен әкелінген. Сарапшылардың бағалауынша, тек бір ғана бренд бойынша мемлекет 70-80 миллиард теңге көлемінде салықты толық ала алмаған.
Қолданыстағы смартфондарға не болады
Дамир Сейсембековтің айтуынша, жаңа ережелер күшіне енгенге дейін Қазақстанның ұялы байланыс желісінде жұмыс істеп тұрған барлық телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енгізіліп, бұрынғыдай еш шектеусіз жұмысын жалғастырады.
Құрылғыны қалай тексерем
Абоненттік құрылғыларды тіркеу үшін арнайы kz-imei.kz онлайн-порталы іске қосылған. Портал арқылы құрылғының заңдылығын тексеріп, сәйкестендіруге болады.
Қазіргі нәтижелерге сәйкес, 4 миллионнан астам құрылғы сәтті тексеруден өткен, 22 мыңнан астам өтінім қабылданып, 5 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген.
2025 жылғы 25 мамырдан бастап верификация рәсімі заңды тұлғалар — импорттаушылар, ресми өкілдер және уәкілетті сервис орталықтары үшін міндетті болады.
Бұған дейін, наурыз айынан бастап смартфондарды тіркеудің жаңа тәртібі енгізілгені хабарланған.