
Үкімет сағатынан кейінгі баспасөз жиынында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сынып жетекшілеріне уәде етілген үстемеақы қашан қосылатынын нақты айта алмады.
Министрдің сөзінше, мәселе әлі шешімін таппаған. Қазіргі уақытта талқылау сатысында.
«Бұл мәселені қарастыру тек Оқу-ағарту министрлігінің құзырында емес. Қаржы, ұлттық экономика сияқты министрліктермен талқылап жатырмыз. Біз бұл мәселені жалғастыруымыз керек пе, жоқ па, ол жағы ұзақ талқылаудан өтеді», – дейді ол.
Үстемеақы қосу мәселесі тезірек шешімін тапқанын қалайтынын жеткізген министр бәрі қаржының жеткіліктілігіне тікелей байланысты екенін айтты.
Сондай-ақ ол баспасөз жиынында мұғалімдерді ақылы семинарға тарту тоқтамай тұрғанына қатысты пікір білдірген.