Тоқаев кәсіпкерлерге үндеу жасады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде кәсіпкерлерді мәдениет саласын дамытуға атсалысуға шақырды.
Мемлекет өнер саласын өркендетуге әрдайым ерекше мән беретінін айтқан. Ол былтыр 45 жаңа мәдениет нысаны салынғанына назар аударды.
«Театр – руханиятымыздың негізгі тірегінің бірі. Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтағы театрларды дамыту туралы нақты тапсырма берілді. Театрлардың көпшілігі толық жаңғыртуды қажет етеді. Кейбіріне жаңа ғимарат керек. Осы жұмысқа кәсіпкерлер мен меценаттарды жұмылдырған абзал. Бұл – әлемде кең таралған тәжірибе. Мұндай жобаларға инвестиция салуға дайын азаматтар аз емес. Мен бизнес өкілдерін руханиятымызды дамыту ісіне атсалысуға шақырамын», – деді президент.
Президент сондай-ақ бірқатар театрларға академиялық мәртебе беру мәселесін көтерді.
«Бикен Римова атындағы қазақ драма театрына, Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрына және Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияға академиялық мәртебе беру қажет деп санаймын. Бұл қадам мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін берері сөзсіз», – деді ол.
Тоқаев салтанатты жиында бірқатар өнер қайраткерлеріне мемлекеттік марапат тапсырған. Олардың қатарында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталған «Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры Қайрат Байбосынов бар.