Үкімет Ұлттық қордан ақша алуын біршама азайтты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық қордан
Ұлттық қордан қанша қаржы алынды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаңтар-сәуір айларында үкімет Ұлттық қордан қаржы алуын біршама азайтқан. 4 айда 3,2 трлн теңге алу жоспарланғанымен, 2 трлн теңге алынды. Оның 1,6 трлн теңгесі нысаналы трансферт болса, 400 млрд теңгесі – кепілдендірілген трансферт. Жалпы 2025 жылы қордан 5,2 трлн теңге алу көзделген.

Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде сонымен қатар бюджет тапшылығы да сәл азайғаны жазылған. Осы кезеңде ел қазынасында 1,2 трлн теңге тапшы болады делінгенмен, 918 млн теңге тапшылық қалыптасқан.

Ал мұнайға қатысы жоқ тапшылық 4,8 трлн теңгені құрайды деп жоспарланғанымен, 3,3 трлн теңгені құраған.

Алайда республикалық бюджетке түсетін кіріс жоспардан аз болды. Үкімет үш айда қазынаға 7,8 трлн теңге түседі деп есептеген. Алайда жоспар 85 пайыз ғана орындалып, қазынаға 6,7 трлн теңге кірді.

Соның ішінде салық түсімдері 4, 08 трлн теңгені құраған. Бұл үкімет жоспарынан 109 пайызға артық.

Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке барыншы үнедеуді тапсырғаны белгілі. Осы 4 айда республикалық бюджеттің шығыны 7,6 трлн теңгені құраған. Бұл жоспарлы 8,8 трлн теңгеден 14,1 пайызға аз.

Жоғары аудиторлық палата былтыр ел бюджетінде 422 млрд теңге тиімсіз жұмсалса, ал 371 млрд теңге мүлде игерілмей қалғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар 2024 жылы Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар 2023 жылмен салыстырғанда 16%-ға төмендеген. Бұған Ұлттық қорға тікелей салық төлейтін мұнай ұйымдары тізімінің 8,5 есе қысқаруы себеп болған. Мұнай компанияларының саны өткен жылы 204-тен 24-ке дейін азайып, қорға 166 млрд теңге түспей қалған.

Сондай-ақ оқыңыз