Ұлыбритания Ресейге қарсы жаңа санкция енгізді

Ұлыбритания Ресейге қарсы санкция тізімін тағы кеңейтті. Ресми Лондон жариялаған жаңа мәліметке сәйкес, санкциялар 20 жеке тұлға мен 62 компанияны қамтыған. Олардың қатарында Ресейдегі бірқатар қаржы ұйымдары, соның ішінде Санкт-Петербург валюта биржасы мен Ресейдің мемлекеттік Депозиттерді сақтандыру агенттігі бар.
Санкциялар Ұлыбританияның 2019 жылы қабылдаған Ресейге қарсы арнайы ережелеріне сәйкес енгізілді. Бұл ережелер Украинадағы жағдайды ушықтырған немесе Ресей үкіметіне пайда әкелген тұлғалар мен ұйымдарға қарсы бағытталған.
Неліктен санкция салынды?
Британ билігінің айтуынша, тізімге енген компаниялар мен азаматтар Ресейдің стратегиялық салаларына қаржылық қызмет көрсеткен немесе Кремльден пайда көрген. Мақсат – Ресейдің соғыс жүргізу мүмкіндіктерін шектеу және халықаралық құқықты бұзған әрекеттерге жауап қайтару.
Санкцияға іліккендердің қатарында кімдер бар?
Тізімде Ресейдегі бірқатар қаржы ұйымдары, соның ішінде Санкт-Петербург валюта биржасы мен Ресейдің мемлекеттік Депозиттерді сақтандыру агенттігі бар. Сонымен қатар санкциялар Қытайда тіркелген кейбір компанияларға да қатысты болды. Тағы бір назар аударарлық жайт – бұл жолы Ұлыбритания 18 кеме иесіне де шектеу енгізіп отыр.
Қазақстандық компаниялар бар ма?
Жоқ, бұл жолы жарияланған тізімде Қазақстаннан ешбір ұйым немесе жеке тұлға жоқ.
Санкцияға іліккендердің Ұлыбритания аумағындағы барлық қаржы активтері бұғатталады. Ұлыбритания азаматтары мен компанияларына бұл тұлғаларға қандай да бір қаржылық қызмет көрсетуге, олардың мүлкімен жұмыс істеуге немесе сенімгерлік қызметтер көрсетуге тыйым салынады.
Сонымен қатар Еуроодақ та Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін бекітті.
Ол санкция аясында ресейлік «көлеңкелі флотқа» қатысы бар деген 200 кемеге шектеу енгізді. Одан бөлек, санкцияны айналып өтуге тырысқан 30 компания және әскери-өндіріс кешеніне қатысы бар деген 75 тұлға да «қара тізімге» кірген.