Трамп соғысты тоқтау үшін Путинмен телефон арқылы сөйлесті

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин үшінші мәрте телефон арқылы сөйлесті. Екі сағатқа созылған әңгіменің нәтижесінде тараптар Украинаға қатысты тікелей бейбіт келіссөздерді бастауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы екі ел басшылары қысқа ғана мәлімдеме жасап, нақты мазмұнды ашып айтпады.
Владимир Путиннің айтуынша, Дональд Трампқа АҚШ-тың Украинамен тікелей келіссөздерді қайта жандандыру бастамасына қолдау білдіргені үшін алғыс айтқан. Сонымен қатар Ресей басшысы Украинамен болашақ бейбіт келісімге қатысты арнайы меморандум жобасын әзірлеуге дайын екенін жеткізді.
«Біз бейбіт келісімнің ықтимал шарттарын, реттеу қағидаларын, мерзімдерін және қажет болған жағдайда уақытша бітім шарттарын қамтитын меморандумды ұсынуға және сол бойынша Украинамен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Путин.
Сондай-ақ «бастысы – тараптардың бейбітшілікке ұмтылысы мен барынша ымыраға келуге дайын болуы» екенін атап өтті. Ресей президенті тағы да «қақтығыстың түпкі себептерін жою» мәселесіне назар аударды.
Өз кезегінде Дональд Трамп Truth Social желісінде жариялаған жазбасында бұл келіссөзді «жақсы өтті» деп сипаттады. Оның сөзінше, Мәскеу мен Киев «жедел түрде» бітім және соғысты тоқтату жөнінде келіссөздер бастамақ.
«Ресей мен Украина дереу атысты тоқтату және ең бастысы, соғысты аяқтау жөнінде келіссөздерге кіріседі. Бұл – олардың арасындағы мәселе, себебі нақты жағдайды олар ғана толық біледі», – деді Трамп.
Трамп өзінің бұл бастамасы жайлы Украина президенті Владимир Зеленскийге, Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйенге, Франция президенті Эммануэль Макронға, Италия премьер-министрі Джорджа Мелониге, Германия канцлері Фридрих Мерцке және Финляндия президенті Александер Стуббқа хабарлағанын да мәлім етті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ыстанбұлда Ресей мен Украина тараптары келіссөз жүргізген еді. Алайда Путин мен Трамп бұл келіссөздерге қатыспады.