Жыл басынан бері 60 бала терезеден құлаған – ТЖМ ата-аналарға үндеу жариялады

Жыл басынан бері терезеден 60 бала құлаған. Осыған орай Төтенше жағдайлар министрлігі алаңдаушылық білдіріп, ата-аналарға үндеу жариялады.
Министрлік күн жылы, жазғы мектеп демалысы басталғанда осындай қайғылы оқиғалар саны арта түсетінін ескертеді. Мәселен, осы жылдың 5 айында 5 бала терезеден құлап, қайтыс болған.
«Ағымдағы жылдың басынан бастап ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына балалардың терезеден құлауына байланысты 60 жазатайым оқиға туралы ақпарат келіп түсті. Бес бала оқиға орнында қайтыс болды, 55 бала түрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді», – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
2024 жылдың статистикасы
Ал 2024 жылы 196 жазатайым оқиға тіркелген. Көбінде терезеден аңдаусызда 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар құлайды. Мұндай қайғылы оқиғалар балалар ересектердің қарауынсыз қалған кезде болып жатады. Сонымен бірге балалардың терезеден құлап кетуіне москит торлары да себеп. Бала қауіпсіз деп ойлап, москит терезелеріне сүйеніп, ауып түседі.
Жазатайым оқиғалардың көбейіп кетуіне байланысты елдің бірқатар өңірінде профилактикалық жұмыстар басталып кеткен. ТЖМ өкілдері үйлерді аралап, ата-аналармен бала қауіпсіздігі жөнінде әңгіме жүргізеді. Сонымен бірге балалар мекемелеріне рейд жүргізіліп тексеріледі.
Төтенше жағдайлар министрлігі барлық ата-ана мен баланың заңды өкілдерін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырып, мынадай нұсқаулықтарды орындауды ұсынды:
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
- Москит торларына сенбеңіз — олар баланы ұстап қалмайды;
- Терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокаторларды орнатыңыз;
- Бала терезе алдына шыға алмас үшін, терезе маңындағы жиһаздарды алып тастаңыз.
«Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі. Балаларға қамқор болыңыз. Біз үшін әрбір өмір маңызды», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Айта кетейік, «Курсив» баланы терезе апатынан қорғау бойынша ата-аналарға арналған нұсқаулық жариялаған болатын. Онда балаларды терезеден қорғау үшін әлем елдерінде қандай тәжірибе қолданылатыны жөнінде айтылған.