Тоқаев Қайрат Байбосыновты «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады

Перзидент Қасым-Жомарт Тоқаев «Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті» РММ профессоры Қайрат Байбосыновты «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Бүгін ұлттық өнердің майталманы Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Халқымыздың жан-дүниесін айшықтай көрсететін халық өнері әрдайым төрде болуы керек. Бұл марапат – әйгілі әншінің өлшеусіз еңбегі мен ұлттық өнерімізге деген ерекше құрметтің белгісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Атақ алған өнер қайраткері көрсетілген құрмет үшін президентке алғысын білдірді.
«Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы, беріп жатқан марапатыңызға көптен-көп алғысымды білдірем. Бұл маған ғана емес, бұл ұлттық өнерге, дәстүрлі ән өнеріне беріп отырған сіздің бағаңыз», – деді.
Сонымен бірге президент Жарлығымен ұлттық мәдениетті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі, мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталған.