Қазақстан мен Сербия арасында тікелей әуе рейстері ашылады

Қазақстан мен Сербия арасында тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Сербия Республикасының Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрі Александра Софрониевичпен кездесу өткізген. Жиында тараптар екі ел астаналары арасында әуе рейстерін ашу мәселесі бойынша келіссөздер өткізген.
Бұл елге жолаушыларды «SCAT» әуе компаниясы тасымалдауы мүмкін. Сол себепті аталмыш мәселеге қатысты жиынға осы әуе компаниясының басшылығы мен туристік компаниялар өкілдері қатысқан.
«Кездесу барысында тараптар ағымдағы жылдың соңына дейін Астана мен Белград арасында әуе қатынасын, соның ішінде «әуе еркіндігі» бесінші дәрежесін пайдалану арқылы ашу мәселесін талқылады», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Осыған дейін, Азаматтық авиация комитеті Алматы – Ош бағытында жаңа әуе рейстері ашылатынын хабарлаған болатын. Сонымен бірге курорттық аймақ саналатын Ыстықкөлге Алматыдан тікелей рейстер ашылды.