2026 жылдан бастап бизнес үшін не өзгереді

2026 жылдан бастап бизнес үшін өзгеріс болмақ. Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі құрылады. Бұл қалай жүзеге асады?
Бұл тізілім СТ-KZ нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттарды толық алмастырады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына қарағанда, жаңа заң өндірістік салаға ерекше өзгеріс енгізеді.
Отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған
Айта кететін жайт, 19 мамыр күні Тоқаев елдің өндірістік секторы үшін маңызды құжатқа қол қойды.
Енді Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгеріс еніп отыр. Ол тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелеріне қатысты. Өзгерістер мен түзетулер Жалпыұлттық жоспар аясында қабылданды. Бұл құжат ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Сауда саясаты шараларын қалыптастыруды көздейді.
Қандай өзгеріс болады?
Аталған Заң, 2026 жылдан бастап қолданысқа енгеннен кейін бірыңғай тізілім отандық өндірісті растаудың негізгі құралы болмақ.
«СТ-KZ» сертификаты мен Индустриялық сертификаттар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін беріледі.
Қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне толыққанды көшу 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жоспарланып отыр.
СТ-KZ және Индустриялық сертификаттарға не болады?
Айта кетейік, 2025 жылдың соңына дейін СТ-KZ және Индустриялық сертификаттар беру жалғасады. Осы мерзімге дейін ресімделген барлық құжаттар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни өтпелі кезеңнің соңына дейін жарамды.
Алайда, экспорттық және реэкспорттық сертификаттар бұрынғы заңнамаға сәйкес ресімделе береді. Оларға бұл Заң аясында өзгерістер қарастырылмаған. Мұндай сертификаттарды беру «Атамекен» ҰКП құзыретінде қалмақшы.
Заңның толық мәтінімен adilet.zan.kz ресми құқықтық актілер порталында танысуға болады.
2026 жылдан бастап Қазақстанда бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу қағидалары енгізіледі.