Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Марғұлан Боранбайдың бостандыққа шыққанын айтты

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи төрт жыл түрмеде отырған Марғұлан Боранбайға әлеуметтік желі арқылы жылы лебіз білдірді.
Депутаттың пікірінше, ол елдің егемендігіне, қазақтың намысына араша түсем деп, сотты болған.
Мерзімімді түгел өтеймін
«Марғұлан бауыр Боранбай төрт жылдан соң түрмеден шығып, ағасына амандасуға келіпті. Өткен күзде Серікжан екеуіміз колонияға, Марғұлан марқасқаға барғанымызда: Шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға көмектесейік…» деп едік. «Ешкімнен кешірім сұрайтындай кінам жоқ, мерзімімді түгел өтеймін» деген-ді сонда нақақ жаламен абақтыға қамалған мінезді Марғұлан», – деп жазды Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.
Оның айтуынша, Марғұлан Боранбай – қазақтың нағыз патриоты. Оған кәміл сенетінін айтты.
Шегенмен салыстырды
Марғұлан Боранбайдың бостандыққа шығуына қуаныш білдіргендердің қарасы көп. Соның бірі – Иса Момбаев. Ол, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи секілді, Марғұлан Боранбайды атақты Шақшақ Жәнібектің шөбересі Шегенмен салыстырып отыр.
«Шеген патша шенеуніктеріне бір ісі жақпай қалып, аз уақыт Торғай дуанының түрмесіне жатып шығыпты. Мұны естіген Тәйпен би Шегенге көңіл білдіруге барыпты. Аман-саулықтан кейін Шегеннің қолын алып:
«Бағланда қымбат болды ұнның пұты,
«Бозайғырдай» болар ма қыстың жұты.
Байлаулы қап түбінде кетіп едің,
Келдің бе аман-есен елдің құты!»,–деген екен», – деп жазды Иса Момбаев.
Марғұлан Боранбай не үшін сотталды?
Марғұлан Боранбай 2020 жылы күзде қамауға алынды. 2022 жылы сот оны «билікті басып алуға шақырды», «ұлтараздығын қоздырды» деп тапты. Бес жылға бас бостандығынан айырды. Боранбайға БАҚ-ты пайдалана отырып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салды.
Айта кететін жайт, Ермұрат Бапи «Ескі Қазақстан» өкілдерімен әлі күрес жүріп жатқанын айтқан-ды.