«Бірде-бір орыс жоқ»: депутат мемлекеттік тіл аз ұлттардың құқығын шектейтінін айтты

Мемлекеттік тіл және оны талап ету аз ұлттардың құқығы шектейді деп біледі қырғыз депутаты Гүля Қожоқұлова. Парламентте «бірде-бір орыс жоқ».
24 kg ақпаратына қарағанда, Жогорку Кеңеш депутаты мемлекеттік тілді қолдану мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын Конституцияға қайшы деп атады.
Ол бұл мәселеде тыйымдар мен шектеулер арқылы қырғыз тілінің қолданысын арттыру мүмкін емес екенін айтты.
«Бөтен ғаламшарда өмір сүріп жатқан жоқпыз»
«Біз жалпы үдерістен оқшау өмір сүрмеуіміз керек. Біз иесіз аралда немесе бөтен ғаламшарда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Барлығымыз өзара байланысты өмір сүреміз. Ал тілдік алуандық пен көптілділік – бұл қозғаушы күш. Президентке қатысты талап – бұл түсінікті. Ол — елдің бірінші тұлғасы. Бірақ депутаттар — халық сайлаған өкілдер», – дейді ол.
Оның пікірінше, парламентте бірде-бір орыс жоқ. Бұрын корей ұлтынан депутаттар болыпты.
«Біздің мемлекетіміз — көпұлтты. Бізде тек қырғыз тілін белгілі бір деңгейде меңгерген азаматтар ғана Жогорку Кеңешке өте алады. Сіз елестетіп көріңізші, онда халық өкілдері Парламентке қалай барады? Біз оларды шектейміз», — деді Гүля Қожоқұлова.
«Мемлекеттік тілді білу талабы қалыпты жағдайға айналады»
Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Мелис Мұраталиев бүгінде әртүрлі этнос өкілдерінің қырғыз тілін үйренуіне жағдай жасалып жатқанын айтқан еді.
«Менің ойымша, болашақта мемлекеттік тілді білу талабы қалыпты жағдайға айналады. Биліктің маңызды бір тармағына келуді көздеген кандидат үшін бұл тілді үйрену қиындық тудырмайды», — деді ол.
Қазір Жогорку Кеңештің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі комитетінің мүшелері бұл заңды талқылап жатыр. Онда мемлекеттік тіл туралы талап та бар.
Мұның алдында Бішкектегі мектептің біріне Кемел Тоқаевтың есімі берілген еді.