Литва Беларусь босқындарды әдейі жіберіп жатыр деп айыптады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Литва Беларусь
Фото: ашық дереккөзден

Беларусь мигранттардың Еуропалық одақ шекарасынан заңсыз кесіп өтуіне жағдай жасап отыр. Литва үкіметі осылай деп мәлімдеп, БҰҰ-ның Гаагадағы Халықаралық сотына шағым түсірді.

«Литваға мигранттарды заңсыз жаппай кіргізуді ұйымдастырғаны үшін», – деп жазылған Вильнюстің арыз-талабында. Осы үшін Литва үкіметі келтірілген шығынға өтемақы сұрап отыр.

Литва СІМ-нің хабарлауынша, мәселені екі тарап өзара келіссөздерде шеше алмаған соң Гаагаға сотқа жіберген

Вильнюстің мәліметінше, 2021 жылдан бастап Беларусьтен келетін заңсыз мигранттар ағыны күрт өсіп кеткен. Тіпті беларусь компаниялары Таяу Шығысқа баратын рейстер санын көбейтіп, келген мигранттарға виза беріп, орналастырады. Ал одан әрі Литваға бағыттауды ұйымдастырған. Ал кейбірін тәртіп сақшылары ел шекарасына дейін жеткізген көрінеді.

Еуроодақтың шығыс шекарасындағы миграциялық дағдарыс төрт жылға жуық жалғасып келеді. Минск Еуропаға бармақшы болған мигранттарға кедергі болмайтынын ашық түрде жариялаған.

Литва шекарасындағы күзетті күшейткенімен де заңсыз босқындар легі тоқтамай тұр. Вильнюс үкіметінің дерегінше, осы жылдың басынан бері елге 628 мигрантты кіргізбей қойған. Ал былтыр шекараны заңсыз кесіп өтпек болғандар саны мыңға жуықтаған.

Мигранттарды қуана қабылдайтын елдер де бар. Мәселен, Жаңа Зеландия шетелден ауқатты мигранттар тарту үшін елдің көші-қон заңдарын біршама жеңілдетті. Тіпті ағылшын тілінен болатын сынақты да алып тастаған.

Сондай-ақ оқыңыз