
«ҚазМұнайГаз»АҚ Қарашығанақтағы газ зауытының құрылысы тоқтап қалғанына алаңдап отыр. Бұл жайлы ҚМГ басшысы Асхат Хасенов пен Shell концерні барлау және өндіру бөлімшесінің басшысы Питер Костелломен кездесуінде айтылды.
«ҚМГ Қарашығанақ жобасындағы серіктес ретінде осы кен орнында қуаты жылына 4,5 млрд текше метр болатын Газ өңдеу зауытының құрылысы бойынша оң динамиканың жоқтығына алаңдаушылық білдірді», – деп жазылған ҚМГ сайтында.
«Қарашығанақтағы» газ зауыты қашан салынуы керек еді?
Былтыр Энергетика министрі болған Алмасадам Сәтқалиев 2030 жылға дейін елімізде төрт газ зауыты ашылатынын хабарлаған еді. Соның бірі – «Қарашығанақтағы» газ зауыты, қуаты жылына 4 млрд текше метрді құрайды.
Былтыр күзде зауыттың құрылысын жүргізетін мердігер анықталып, дайындық жұмысы басталды. Жоспар бойынша, 2028 жылы пайдалануға беріледі.
Осы сәуірде премьер-министр Олжас Бектенов зауыттың құрылысы уақытында бітуін ерекше қадағалауды тапсырған.