Tesla компаниясы Қазақстан қажеттілігі үшін жабдықтар жеткізеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: REUTERS

Мамырда Энергетика министрлігінің делегациясы АҚШ-қа іс сапармен барды. Вице-министрі Сұңғат Есімханов америкалық Tesla және PEAK ENERGY компанияларымен келіссөздер жүргізген.

Сапар кезінде қазақстандық тарап Tesla компаниясының өндірістік алаңдарына қызығушылық танытты. Компаниямен ортақ жобаларды іске асыру бойынша келіссөз жүргізді.

«Қазақстан делегациясы энергияны жинақтау жүйелеріне арналған жабдықты өндіру үдерісімен танысты. Қазақстан қажеттіліктеріне арналған жабдықтарды жеткізу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері бойынша келіссөздер жүргізілді», – деп жазылған Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Сондай-ақ PEAK ENERGY өкілдерімен де кездесу өтіп, елдегі энергетикалық жобаларға компания өнімдерін пайдалану жолдарын талқылады. Бұл компания электр энергиясын сақтау және тарату технологияларына маманданған.

Бұл неге маңызды?

Қазақстан мен АҚШ-тың сауда байланысты тығыз, жыл сайын артып келеді. Америка – маңызды сауда серіктестерінің бірі. Трамптың Қазақстанға баж салығын көтергеніне қарамастан, Сауда министрлігі қарсы жауап бермейтінін хабарлаған.

Еліміз Америкаға шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа және басқа да тауар экспорттайды. Ал олардың трансұлттық компаниялары Қазақстандағы мұнай-газ жобаларына қатысады, ел экономикасына инвестиция салады.

Осыған дейін Қазақстанға Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт келген еді. Ол мемлекет басшысы Тоқаевпен кездесіп, болашақ әріптестікті талқылады. Тоқаев Майкл Уиртті «Теңіз» кен орнын кеңейту жобасының табысты аяқтауымен құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыз