Жазда оқушылар мен студенттер қалай ақша таба алады

Жарияланды 20 Мамыр 2025 12:21

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
оқушылар жұмысы жазда
Фото: ашық дереккөзден

Алда үш ай жаз демалыс басталды. Мектеп оқушылары мен жасөспірімдер үшін бұл уақыт – жұмыс істеп, алғашқы ақшасын табуға тамаша мүмкіндік. Бірақ баланы жұмысқа жіберетін кезде нені ескеру керек? Kursiv Media материалында ұсынамыз.

Заңнамаға сәйкес, 14-16 жас аралығындағы оқушылар аптасына 24 сағат ақылы жұмыс істей алады. Яғни, күніне 4,5 сағаттан аспауы керек. Ал 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 36 сағат жұмыс істеуіне рұқсат берілген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың сөзінше, қазір елімізде жұмыс істеуге рұқсат берілген оқушылар мен студенттер саны 1,5 млн-ды құрайды.

Оқушы жұмыс іздеуді қайдан бастау керек?

Enbek.kz атты еңбек биржасында «Оқудан бос уақытта жұмыс тап» атты арнайы бөлім бар.

Фото: enbek.kz

Сол жерге өтіп, оқушылар жеке кабинетін ашып, түйіндемесін қалдырып, өзіне лайықты бос жұмыс орындарын іздей алады. 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер жеке кабинетке тіркелу үшін жанында заңды өкілі (ата-анасы, қамқоршысы) де болуы керек. Тіркелу үшін жеке куәлік немесе туу туралы куәлігі және бір ата-ананың келісімі жеткілікті. Кейбір жағдайда медициналық анықтама сұратуы мүмкін.

Одан бөлек Skills.Enbek.kz атты платформада оқушыларға арналған тегін және ақылы курстар да бар. Жалпы 1294 курс салынған. Оның 322-і тегін, 67-курс мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға бейімделген. Барлық курс тізімін толығырақ мына жерден көруге болады.

Балаңызды жұмысқа жіберетін кезде нені ескеру керек?

Заңнама бойынша, 18 жасқа толмаған жасөспірімдер ауыр күшті талап ететін және денсаулыққа зиян тигізетін жерде еңбек етуіне болмайды. Құмар ойын орталықтарында, түнгі клубтарда, ішімдік, темекі, психотропты заттар саудалайтын орындарда жүруіне де тыйым салынған.

Түнгі сағат 22:00-ден таңғы 6.00-ге дейінгі аралықта жұмыс істемеуі керек. Ескеретін нәрсе, мекеме мүлігін бұзды, сақтай алмады деген жауапкершілік ілетін жұмысқа да жасөспірім қабылданбауға тиіс.

Оқушылар мен студенттерге арналған жұмыс түрлері:

Офлайн:

  1. Дәмхана, мейрамханада көмекші (даяшы, ыдыс жуу, тазалау)
  2. Супермаркеттерде сөрелерді реттеуші, жарнама қағаз таратушы
  3. Балалар лагерлерінде аниматор, көмекші тәрбиеші
  4. Кеңселерде құжат тасушы, көмекші қызметкер
  5. Көшеде балмұздақ, су сатушы (егер рұқсат болса)
  6. Сұлулық салондарында көмекші қызметкер
  7. Тазалық жұмыстары – парктерді, аулаларды тазалау

Онлайн:

  1. Графикалық дизайн (плакат, логотип, постер жасау – Canva, Photoshop)
  2. Әлеуметтік желі жүргізу (SMM көмекші)
  3. Контент жазу (кішігірім блогтар үшін мақалалар, посттар)
  4. Онлайн ағылшын/математикадан бастауыш сыныптарға репетитор болу
  5. Видеомонтаж, TikTok немесе Instagram рилс жасау
  6. Фотосуреттерді өңдеу

Бұл жұмыстарды OLX.kz, hh.kz. Freelancer.kz платформаларынан іздей аласыз. Мектеп жанындағы бос уақыт орталықтары мен Жастар ресурстық орталықтарынан сұрауға да болады.

Сондай-ақ оқыңыз