Қаржы тапшы: «Даму» қоры Алматы қаласындағы кәсіпкерлерді қолдауды шектеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
"Даму" қоры ең ірі мегаполис - Алматы қаласы кәсіпкерлерін қолдауды доғарды / фото: Damu
«Даму» қоры ең ірі мегаполис – Алматы қаласы кәсіпкерлерін қолдауды доғарды / фото: Damu

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Алматы қаласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді уақытша шектеді. Оның бір ғана себебі бар – қаржы тапшы.

«Даму» қоры басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов қаржы мекемелеріне хат жолдап, Алматы қаласындағы кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін субсидия шектелетінін ескертті. Хат екінші деңгейлі банктерге, лизинг компанияларына және микроқаржы ұйымдарына жолданды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, кредиттердің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға қаржы тапшы болғандықтан, Алматы қаласы бойынша ҚР үкіметінің 17.09.2024 жылғы №754 қаулысына сай субсидиялар төлемдерін уақытша тоқтатқанын хабарлайды», – деп жазылған «Даму» хатында.

2025 жылғы 19 мамырда қол қойылған хат көшірмесімен Kursiv.Media редакциясы танысып шықты. Осы мәселеге орай туындаған бірнеше сауалды редакция қордың басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевке жолдады.

Бұл нені білдіреді?

2024 жылғы күзде үкімет экономиканың маңызды салаларын даму үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді көздейтін қаулы қабылдаған. Ол бойынша кәсіпкер қаржы мекемесінен кредит алып, соның сыйақысының бір бөлігін «Даму» қоры жауып беретін.

Мәселен, екінші деңгейлі банктен 21% үстемемен несие алған уақытта, соның шамамен жартысын кәсіпкерлерді қолдау қоры төлейтін. Ол үшін кәсіпкер «Дамумен» келісім-шартқа отыруы керек.

Енді кәсіпкерлерді қолдайтын қор Алматы қаласы бойынша субсидияны уақытша тоқтатып отыр. Соның салдарынан қолдауға мұқтаж кәсіпкер қаржы мекемесінен алған кредиттің сыйақысын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2,3 млн тұрғыны бар Алматы қаласында 154 мың заңды тұлға тіркелген. Мегаполисте 144 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорын бар.

Сондай-ақ оқыңыз