Honda электромобиль өндірісін қысқартып, гибридке көшті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Honda электромобиль саудасы бәсеңдейді деп болжады / фото: shutterstock
Honda электромобиль саудасы бәсеңдейді деп болжады / фото: shutterstock

Жапонияның Honda Motor автокомпаниясы электромобильге инвестицияны азайтып, сұранысқа ие гибрид өндірісіне ден қояды. Автогиганттың бас директоры Тосихиро Мибе осылай деп мәлімдеді. Оның сөзін Reuters жариялады.

Осының алдында Honda 2030 жылға қарай электромобиль өндірісіне 10 трлн иена бөлетінін мәлімдеген. Енді ол 7 трлн иенаға дейін (48,4 млрд доллар) қысқарды.

«Нарықтағы сұраныс азайғанын ескерсек, біз 2023 жылға қарай электромобиль саудасы жоспардағыдан 30% төмен болады деп есептейміз», — дейді Тосихиро Мибе.

Бұған қоса топ-менеджер бес жылдан соң, компания өнімдерінің шамамен 20%-ы ғана электромобиль болатынын айтты. Автогигант 2030 жылға қарай 2,2–2,3 млн гибрид автокөлік сатуды көздеп отыр. Компания биылғы сауда жоспарын жариялаған жоқ.

Автогигант 2027 жылдан кейінгі төрт жылдың ішінде 13 гибрид модель шығаруды жоспарлап отыр. Олардың бәрі келесі буын өніміне жатады.

Бұған дейін Honda Канадада электромобиль өндірісі базасын салуды уақытша тоқтатқан. Құрылыс 10,7 млрд долларға бағаланған.

Сондай-ақ оқыңыз