Криптовалюта жеңісі: стейблкоин туралы заң АҚШ сенатында қаралып жатыр

Стейблкоин туралы заң жобасы АҚШ сенатындағы кедергіні еңсерді: құжатқа қарсы демократтар райынан қайтты. Bloomberg бұл оқиғаны криптовалюта жеңісі деп сипаттады.
Енді сала өкілдері қолдап отырған заң жобасы Сенатта талқыланады. Екі партиядан тұратын топ оны осы аптада мақұлдауы мүмкін. Алайда сенаторлар түпкілікті дауысқа салу алдағы аптада өтетінін ескертіп отыр.
Сәуірдің басында демократтар бірігіп, құжатты талқылауға өткізбеуге күш салған. Олар президент Дональд Трамптың криптовалютаға қатысты келісімдеріне қарсы шығып отыр. Оның үстіне Трамп отбасына қатысы бар стейблкоинның нарықтағы бағасы 2 млрд доллардан асып кетуі де сынға ұшырады.
Банк өкілдері де стейблкоин ықпалы артып бара жатқанына алаңдайшы. Әсіресе олар ірі технологиялық компанияларға немесе ритейлерлерге токен шығаруға тыйым салғанын қалайды. Бірақ олардың дегені болмады. Дегенмен банкирлер үлескерлерге пайыздық ақы төлейтін стейблкоиндарға тыйым салу ұсынысын өткізе алды. Стейблкоиндарға басқа да бонус төлеуге рұқсат берсе, тұтынушылардың дені банктерден бас тартар еді.
Естеріңізге сала кетейік, Трамптың стратегиялық криптовалюта резервін құру жөніндегі мәлімдемесінен кейін криптовалюта саласы жанданып шыға келді. Криптовалюта жөніндегі алғашқы саммиті де биыл 7 наурызда Ақ үйде өтті.