
2025 жылы мұсылмандардың ұлық мерекесі — Құрбан айт маусымның басына түсіп тұр. Бұл күндері ізгі әрі сауапты іс көп жасалып, Аллаға жақындаудың амалы атқарылады. Шариғатта Құрбан айт күні құлшылық қылу ниетімен мал бауыздалып, құрбан шалынады. Асылы, бұл діни мереке ғана емес, ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрге айналған. Айт қалай тойланады? Дижитал трансформация дәуірінде қандай жаңа бастамалар қолға алынып жатыр? Осы туралы айтамыз.
2025 жылы Құрбан айт қай күндері тойланады?
2025 жылы Құрбан айттың үш күні 6-8 маусым аралығына түсіп тұр. Бірінші күні жұмаға түсіп тұрғандықтан, бес күндік жұмыста істейтіндер айттың үш күнінде қатар демалады. Ал алты күндік жұмыстағылар 6 маусымда демалып, 7 маусымда жұмыс істейді. 8 маусым — жексенбінің демалысы. Құрбан айт Зул-Хижжа айының 10-күні деп бекітіліп, жыл сайын өзгеріп отырады. Меккедегі үлкен қажылық аяқталған соң басталады.
Құрбан айт тарихы
Құрбан шалу Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) дәуірінен басталған. Ибраһим а.с Алладан ұзақ уақыт бойы ұрпақ сұрайды. Сол тілегі қабыл болып, қартайған шақта Исмаил есімді ұлдың әкесі атанады. Сөйтіп ұл ержете бастағанда Ибраһим пайғамбар түсінде ұлын құрбандыққа шалып жатқанын үш мәрте көреді. Содан уахи деп, бұйрықты орындауға бел буады. Ұлына бұл туралы айтқанда Исмаил да «қол-аяғымды мықтап байлаңыз, теуіп ыңғайсыздық тудырмайын. Алланың әмірін орындаңыз. Пышағыңыз өткір болсын. Жүзіме қарамаңыз» деп келіседі. Көзіне жас алып, әмірді орындауға кірісіп мойнынан тартып жібергенде пышақ өтпей қалады.
Дәл осы сәтте Алла Тағала Жәбірейіл періштеге пышақтың жүзін аударуға бұйрық берген екен. Ибраһим а.с басында түсінбей, тағы бір мәрте қайталайды — пышақ тағы өтпейді. Осы уақытта «Иә, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», – деген дауыс естіліп, ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі («Саффат» сүресі, 104-аят). Осылайша сынақтан сүрінбей өткен әкелі-балалы шүкір айтып, үйге қайтады. «Құрбан» сөзі арабтың قُرْبَان (qurbān) — «жақындау» деген сөзінен шыққан. Бұл мал бауыздап, құрбан шалуды ғана емес, Аллаға жақындай түсіретін амал дегенді білдіреді.
Құрбан айтта орындалатын амалдар
- Айт-намазы оқылады
Айт намазы мешіттерде жамағатпен таңертең оқылады. Мыңдаған адамның басы қосылатын ұлық мереке. Мешіттердің іші-сырты толып кетеді. - Құрбан шалынады
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе ғана союға болады. Қой мен ешкі кем дегенде — бір жасар, сиыр — екі жасар, түйе бес жасар болуы қажет. Ешкі мен қойдың еркегін, сиырдың ұрғашысын сойған абзал. Елік, арқар, тауық, қораз, қаз, үйректерді құрбан ретінде союға болмайды. - Бір көзі соқыр, көтерем, құлағы мен құйрығы туабітті жоқ не көп бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, бір не екі мүйізе де түбінен сынған малдарды союға тыйым салынады. Сойған малды жіліктеп, үшке бөледі:
- 1/3 — үйге
- 1/3 — туыстар мен көршілерге
- 1/3 — мұқтаждарға
- Садақа беріледі
Кұрбан-айтта мұқтаждарға көмектесу керек. Киім, тамақ, ақшалай садақа жасалады. Шалған құрбанның етін таратады. Қазақстанда қайырымдылық қорлары мұндай іске белсене ат салысады. - Жақындарға қонаққа барады
Туыстарға сәлем беріп кіріп шығып, тойлайды. Әлдекімге реніші бар болса, осы күні кешірген абзал. Өйткені Құрбан айт — байланысты нығайтатын, татулық мерекесі. - Құрбан шалуға шамасы келсе, мұсылман баласы жылына бір құрбан шалуы керек. Алланың бұйрығы мынадай: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!».
- Құрбан шалу мұсылмандарға уәжіп. Құрбан айтта жолаушы болмаса және негізгі қажетінен бөлек нисап мөлшерінде қаражаты барлар шалуы керек. Шариғатта нисап мөлшері деп 85 грамм алтынға яғни соның құнына тең келетін ақшаны айтады. Бірақ қалтасындағы ақшасы нисап мөлшеріне жетпесе де құрбан қала берсе болады.
Әлем мұсылмандары қалай құрбан шалады: Сауд Арабиясынан бастап Францияға дейін
- Сауд Арабиясы
Қажылық жасалатын қасиетті мекен орналасқан бұл жерде миллиондаған қажы осы күні Минәда құрбан шалады. Мемлекет тарапынан санитариялық тазалық пен етті өңдеуге қатысты мәселелер реттеледі. Сонымен бірге кедей тұратын елдерге ет жіберуге де үкімет көмектеседі. - Түркия
Құрбанның етін балалар үйіне, мұқтаждарға жібереді. - Индонезия
Жыл сайын 2 миллионнан астам мал құрбан шалынады екен. Оны бақылайтын дижитал платформалар бар. Ветеринариялық хаттамалар да қатаң сақталады. - Франция, Германия, Ұлыбритания
Мал сою, санитариялық талаптар туралы заңдарды сақтай отырып, бұл жақтағы мұсылмандар сертификаты бар жерлерден ғана мал алады. - Африка
Африканың көп еліне бұл мерекеде гуманитарлық көмек келеді. Әсіресе, араб елдерінен босқындар лагерлеріне көптеп ет таратылады.
Әдеп, әлеуметтік және экологиялық контексі қандай?
2020 жылдары заманауи нормаларды сақтай отырып қалай құрбан шалу керек деген мәселе көтерілді.
- Экология тұрғысынан қарасақ
- Биологиялық ыдырайтын қаптамаларды қолданған жөн
- Қалдықтардың дұрыс жойылғанына көз жеткізу керек
- Жаппай жасалатын рәсімдерден қалатын көміртек ізін барынша азайтуға тырысу қажет
- Әлеуметтік маңызы қандай?
Кұрбан шалу — жай рәсім емес екенін айттық. Қазіргідей дағдарыс жайлап, кедейлік көбейген заманда бұл мерекенің маңызы арта түседі. Осы күнді себеп қылып мұсылмандар қайырымды іс жасауға тырысады. Мұқтаждарға көмектеседі.
Құрбан айт және дижитал технологиялар
- Қазір құрбан шалуға арналған онлайн-сервистер бар. Әлемде мұндай тәжірибе кең қолданыс еніп келеді. Яғни сіз соятын малыңызды, қорды, мақсатыңызды таңдай аласыз. Жетім-жесірге ме, жоқ әлде көпбалалы отбасыға бергіңіз келе ме — көрсетесіз.
- Түбіртек электрон түрде келеді, есебі видеомен жіберіледі.
- Құрбанның етін мұқтаждарға бөліп беруге көмектесетін бағдарламалар бар. Мысалы телеграм-боттар мен мобайл қолданбаларды пайдалануға болады.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Құрбан айтта мал басы қанша тұратынын жазған едік.